Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Елімізде алимент төлемейтіндердің саны 200 мыңнан асқан

Республикалық жеке сот орындаушыларының мәліметінше, ең көп алимент төлемейтіндер Қарағанды облысында тұрады екен. Онда 21 мың адам бар.

Елімізде алимент төлемейтіндердің саны 200 мыңнан асқан
фото: AKIPRESS.ORG

Елде алимент төлемейтіндер көбейіп барады. Бас прокуратура жақында есеп жүргізіп, осындай 200 мыңнан астам отандасымыз бар екенін анықтаған, деп хабарлады paryz.kz.

"Мен қызымның әкесінен 13 жылдан бері алимент ала алмай келемін. Осы уақытқа дейін берешек мөлшері 3 миллион теңгеге жетті. Бұл аз ақша емес қой. Жеке сот орындаушыларынан көмек сұрадым. Бірақ олар жиі ауысады. Сондықтан іс өнбейді", - дейді Анжела Токарева.

Ал Бас прокуратурадағылар қазақстандықтардың Анжеладай зар жылағанына жеке сот орындаушыларының сылбырлығы себеп дейді. Өйткені, құзырлы орган сараптама жасап, алименттер бойынша жүргізілген сот ісінің жартысынан көбі орындалмай қалатынын анықтапты.

"Елімізде 216 мыңнан астам адам жақындарына 14 миллиард теңгеден артық берешек. Алимент төлемей жүрген 9 мың борышкердің зейнетақысы, тұрақты табысы бар. Тағы 2,5 мыңының жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары бар. 3 мыңнан астам қарызы барға арнайы органдар іздеу жарияламаған. Түрлі ескерткертпелер жасалса да, 500-ден астам алимент төлемеген қазақстандықтың шектеу шаралары қабылданбаған", - делінген Бас проркуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәлімдемесінде.

qamqor.gov.kz сайтында көбіне ер-азаматтардың суреті, аты-жөні келтірілгенімен, алимент төлеуі тиіс әйелдер де бар екен. Алимент төлемеушінің ұятын оятуы мүмкін деген сайтта бүгінде 1500 адамның аты-жөні тұр. Бас прокуратураның ақпараттық сервисінде ақшасының бір бөлігін қимай жүргендерді әрбір қазақстандық енгізе алады. Бірақ, көп отандасымыз ақша өндірудің мұндай тәсілін біле бермейді.

Республикалық жеке сот орындаушыларының мәліметінше, ең көп алимент төлемейтіндер Қарағанды облысында тұрады екен. Онда 21 мың адам бар. Одан кейінгі орынға 18 мың жалтарушысы бар Шығыс Қазақстан жайғасса, үшінші болып Алматы облысы тұр. Онда 17 мың адам берешек.

Еске сала кетсек, елімізде адам 3 ай алимент төлемесе, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылады.