Қарағандыда ыстығы көтеріліп қайтыс болған оқушы өліміне қатысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі.
«Қарағандыдағы жағдай бойынша алдымен баланың ата-анасына көңіл айтамын. Оқушы өлімінің себебі әзірге белгісіз, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың алғашқы қорытындысы бойынша балада асфикция болған. Яғни құсу массасы», - деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ тілші сұрақ-жауап барысында оқушының өліміне коронавирус себеп болуы мүмкін бе деп нақтылады. Спикердің айтуынша, коронавирустың қатысы жоқ.
Еске салайық, кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Қарағандыда тұмаумен ауырған 2-сынып оқушысы қайтыс болғаны туралы жазған еді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізде бала өлімінің артқанын растады.