Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Миллиондаған теңге қарызға кірдім": Түркістан облысында электр кернеуі кесірінен үш ауылда тұрмыстық техника жанып кетті

Түркістан облысындағы Төреарық, Қараспан мен Көлтоған ауылдарында жарықтың жиі сөнуінен үш ауылдың тұрмыстық техникасы күйіп кетті. Тұрғындардың айтуынша, мұнда электр желіcі әбден тозған. Жел соғып жауын жауса, жарық бірден сөнеді екен. Электр кернеуі ойнағандықтан, тұрғындардың теледидар мен тоңазытқыштары жанып кеткен, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

"Миллиондаған теңге қарызға кірдім": Түркістан облысында электр кернеуі кесірінен үш ауылда тұрмыстық техника жанып кетті
фото: КТК

Ордабасы ауданындағы Көлтоған, Қараспан мен Төреарық ауылдары үш жылдан бері жарыққа жарымай отыр. Бұл мәселеге қатысты ауыл жұртшылығы аудан басшыларына бірнеше рет шағым түсірген. Бірақ жарыққа жауаптылар мұны жақында ғана білгендерін айтады. 

“Су шықпайды, бәрі жарыққа байланысты ғой. Электр қуаты болмаса қайдан келеді. Жарық та, су да жоқ болады. Интернет жоқ. Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?!” – деді Ордабасы ауданының тұрғыны Индира Аппаз.

Жарықтың жиі сөнуінен тұрғындардың тұрмыстық техникалары жанып кеткен. Кей отбасылар тоңазытқышы шкаф есебінде пайдаланып отыр. Бірінші топтағы мүгедек Гүлрайхан Әбдікәрімова несиеге алған техникасынан бір күнде айрылған. Арбаға таңылған әжей енді зейнетақысын техниканың қарызын жабуға жұмсайды.

“Бір күннің ішінде тоңазытқышым, теледидарым, кіржуғыш машинам, микротолқын пешім, электршәйнегім, кондиционерім күйіп кетті. Қалай немерелеріме ашыған тамақ берем?  Миллиондай теңгеге қарызға кірдім. Келін екеуіміз алғанбыз, бір миллионға кіріп отырмыз. Мұның бәрі кредит”, – дейді Ордабасы ауданының тұрғыны Гүлрайхан Әбдікәрімова.

Жарық мәселесін айтып тұрғындар аудан басшыларына талай шағымданған. Жұрт жиналғандықтан, ауылға электр жүйелерінің басшысы да келген. Бірақ ол жарық өшетінін білгенімен, күйген техникалар туралы білмегенін айтып ант-су ішті. Десе де желі жаңартылып жатқанын айтып ақталды.

“Жарық өшпейді деп айта алмаймын, өшеді. Ол техника ғой. Қысқа болады, тек халық емес қой, бұл жерде 3 фазада отырған жеке кәсіпкерлерде көп. Ақаулар болады. Бізде арнайы бөлінген бригада, техника бар. Жедел түрде жұмыс істейміз”, – деп мәлімдеді Ордабасы ауданы электр жүйелерінің басшысы Бақдәулет Құрманбекұлы.

Басшы үш ауылдың электр жүйесін толық жаңартуға үш апта уақыт қалғанын айтады. Дегенмен кернеудің неліктен жиі ойнайтынын сол бойы түсіндіре алмады. Ал тұрғындардың жарамсыз техникалары тек қоқысқа кетіп жатыр.