Талдықорған қалалық сотының үкімімен алаяқтық жасағаны үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Түменбаева 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
А.Түменбаева ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Жетісу облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол қызметтік бабын пайдалана отырып, алаяқтық жолмен пара алған. Оған мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
"А.К.Түменбаева адвокат А.Д. Тазабеков және Ж.Т. Жанпейісов арқылы "Good Zhem" ЖШС басшысы А.Э. Пактан азаматтық іс бойынша оң шешім шығару үшін 1,5 млн теңге алған.
Сол үкіммен А.Э. Пак пара беруге оқталғаны үшін мемлекеттік қызметте және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына және 4 жылға бас бостандығынан айрылды", - делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сот адвокат А. Тазабеков пен азамат Ж. Жанпейісовті парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бірақ, оларға қатысты іс ҚР 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 81-VII ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау актісі негізінде тоқтатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.