Алматы облысында көшелері сатылып кеткен тұрғындар үйлеріне кіріп-шыға алмай жүр

Алматы облысы Абай ауылында көшелері сатылып кетіп, үйлеріне кіріп-шыға алмай қалған 20-ға жуық отбасы облыс әкіміне шағымданды, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Алматы облысында көшелері сатылып кеткен тұрғындар үйлеріне кіріп-шыға алмай жүр
фото: ашық дереккөзден

“Алматы” телеарнасының хабарлауынша, 12 жыл бойы осы жолмен жүріп келдік деген жұрт «бір жарым жыл бұрын жер иесі табылып, аумақты қоршап алды» деп ашулы.

Қарасай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары көшесіз қалды. Үйіне өзен айналып кіріп, көлігін көше жиегіне тастап жүргелі жылдан асыпты. Қоршау артында қалған кей заттарын кранмен тасып, қазір бөтен үйдің ауласы арқылы өтіп жүр екен.

«Екі мүгедек немерем бар, біреуі алты жаста, екіншісі тоғыз жаста. Осы қиыншылықты бір жарым жылдан бері көріп жатырмыз. Жедел жәрдем, басқа қызмет түрін шақыра алмаймыз, келе алмайды», – деді Абай ауылының тұрғыны Райхан Буранова.

Ал шамамен жарты жыл бұрын «көше тұрғындарға қайтарылсын» деген сот шешімі шығыпты. Тұрғындардың айтуынша, жер иесінен хабар жоқ

«Бұл жерді ашу керек, Бәрімізде құжат бар, норматив орындалған. Әкім жұмыс істемейді. Барамыз әкімге үнемі ауырып қалады. Міне, соттың шешімі шыққанына қанша уақыт болды», – деді Абай ауылының тұрғыны Берікжан Құлшанов.

Жолсыз қалған абайлықтар бүгін аудан орталығына барып, облыс әкіміне де дәл осы көше мәселесін шешіп беруін сұрады. Қарасай ауданы халқымен кездесуге келген Марат Сұлтанғазиев жағдайды бақылауға алатынын айтты.

«Мынау құқық қорғау органдары, прокуратура, сот орындаушылары аудан әкімімен бірге жұмысты аяқтасын. Жақын арада соттың шешімін орындауға жұмыс жасаймыз», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Үйіне емін-еркін кіре алмай жүр «Соттың шешімі орындамағаны үшін Райымбек ауылының әкіміне сот арқылы 50 АЕК айыппұл салдық. Егер қазір газ құбырынан 1 мм тесік шықса, бір қызмет кіріп оны жөндей алмайды. Бір көшенің тұрғындарынан айрыламыз», – деді заңгер Мадияр Аймырзаұлы.