Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

"Өте қиын": Ақтөбеде 22 отбасы темір вагондарда тұрып жатыр

Шағын вагондарды паналағандардың арасында жұмысқа жарамсыз мүгедек жандар мен зейнеткерлер де бар екен.

"Өте қиын": Ақтөбеде 22 отбасы темір вагондарда тұрып жатыр
Фото: дереккөз

Ақтөбеде 20-дан астам отбасы темірден құрастырылған шағын вагондарда өмір сүріп жатыр. Жазда ыстық, қыста суық, тар бөлмелерді паналағандардың басқа амалы жоқ, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.  

Жылдар өтсе де, жайлы баспанаға қолдары жетпей жүр. Әкімдік қызметкерлері: "Бұл мәселені шешу үшін тұрғындардың белсенділігі қажет", – дейді.

Әлия Елеусінова газды ас-су дайындаудан өзге, үй ішін жылыту үшін де жиі жағуға мәжбүр. Себебі қаңқасы темірден тұрғызылған "баспананы" қыста жылы ұстау оңай емес. Бөлменің аумағы бар болғаны 18 шаршы метр болғанымен, тез суып кетеді. Алты жаннан тұратын отбасының бұл шағын жайды паналаудан басқа амалы жоқ. Ал үй кезегін әлі біраз күтуі қажет.

"Үй салқын. Қақаған аяз болса, ұлып кетеді. Жазда қаңылтыр қайнайды, үй жанып тұрады. Түнгі 00:00-01:00-ге дейін ыстығы басылғанша далада жүреміз. Газ баллонын пайдаланамыз. Тамақты пешке дайындаймыз. Амал жоқ, үй салуға жағдайымыз келмегендіктен, осыған шүкір деп отырмыз", - деді Әлия Елеусінова.

Темірден құрастырылған бұл вагондар 20 жылдан астам уақыт бұрын вахталық әдіспен еңбек еткен жұмысшылар үшін салынған. Кейін жекенің қолына өтіп, әр бөлмесі пәтер ретінде сатылыпты. Қоныстанған тұрғындар құжаттарын да рәсімдеп, жылу мен су және электр энергиясын да өз күштерімен кіргізген. Дегенмен басқа инженерлік желіге қосылмай қалған. Тіпті әр отбасының дәретханасы сыртта. Бүгінде темір болса да, шатыры тозып, жылу жүйесі сыр бере бастапты. "Мұнда тұрудың өзі қауіпті", – дейді тұрғындар. 

"Жылу дұрыс емес. Электрлі жылытқыш қосып қойып отырмын. Ал бала-шағалары барлар қайтеді? Балаларымен, үлкен кісілермен тұрып жатыр. Өте қиын", - дейді Гүлжахан Есенқұлова.

Қазір мұнда 22 отбасы тұрып жатыр. Олар жергілікті биліктің көңіл бөліп, ортақ мәселелеріне назар аударуларын сұрайды. Әсіресе, тұруға лайықты жайлы баспана болса деген тілегі бар. Бірақ несиеге алғысы жоқ. Себебі шағын вагондарды паналағандардың арасында жұмысқа жарамсыз мүгедек жандар мен зейнеткерлер де бар екен. Ал әкімдіктегілер бұл мәселені шешу үшін тұрғындардың да құлшынысы қажет дейді.

"Бірінші жер актісі дайындалуы керек. Содан кейін мемлекеттік сараптама өтеді. Мұның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Оны тұрғындар өз қалтасынан жасатуы керек. Үкіметке мына үйдің апатты жағдайда тұрғанын айту қажет. Одан соң бекітілген комиссия тексереді. Үй жағдайына қарап шешім қабылданады", - дейді Алматы аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Аманбек Шалабаев.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл нысанға қатысты мемлекеттік сараптама жасатудың өзі бірнеше айға созылуы мүмкін. Содан кейін ғана жан-жақты қаралады. Сондықтан да тұрғындармен әлі де бірлесе жұмыс жүргізілмек.