Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

"Ата-ана армияға жіберуге қорқады" - Депутат Қорғаныс министрлігіне жүгінді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Қазақстан армиясындағы зорлық-зомбылыққа байланысты Қорғаныс министрлігіне жүгінді, - деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz. сайтына сілтеме жасап.

"Ата-ана армияға жіберуге қорқады" - Депутат Қорғаныс министрлігіне жүгінді
фото: tengrinews.kz

"Әскери полиция органдары туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалитденовке сауалмен жүгінді.

"Қабылданған шараларға қарамастан, әскери ортада жиі жауынгерлік емес шығындарға әкеп соқтыратын зорлық-зомбылық, әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау деректері әлі күнге дейін жойылмай отыр. Бұл жайт қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызады және осы себепті ұлдарының өмірі мен денсаулығы үшін қауіптенген көптеген ата-ана оларды армияға жіберуге қорқатынын мойындау керек", - деді Дементьева.

Мәжіліс депутатының пікірінше, қалыптасқан жағдай әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстың тиімсіздігі және әскери полиция мен әскери бөлімдер қолбасшылығы арасындағы іс-қимылды үйлестірудің төмендігінен.

"Әскери полиция құқық қорғау органы бола отырып, құқықбұзушылықтың алдын алуға баса назар аударуы керек деп есептеймін. Сонымен қатар, бұл қызметті үйлестіруді және осы бағыттағы олқылықтар үшін жауапкершілікті әскери полицияға тапсыруды ұсынамын", - деді депутат.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалитденов талқыланып жатқан заң жобасында әскери полиция қызметі функцияларының бірі алдын алу тек заңның өзінде ғана емес, сонымен бірге ілеспе заң – профилактика туралы заңда да белгіленгенін айтты.

"Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігіне қарасты әскерлерде алдын алу жұмыстарының арқасында құқық бұзушылықтар мен тәртіптік теріс қылықтардың 20 пайыздан аса төмендеуі байқалады. Сондықтан мен гарнизондарда алдын алу мен үйлестіруді әскери полициядан басқа бас қадағалау органы, Бас әскери прокуратураның қызметкерлері жүргізетінін толық қолдаймын. Бұл профилактикалық жұмыстар олармен бірлесіп жүргізіліп жатыр", - деп жауап берді Қамалитденов.