Қарағандыда зейнеткердің үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, – деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Polisia.kz мәлімдеуінше 18 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына Ержанов көшесіндегі көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде қарақшылық шабуыл болғандығы туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына облыстық Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің 77 жастағы зейнеткер екені белгілі болды.
Анықталғандай, жәбірленуші азаматшаның үйіне домофон арқылы белгісіз біреу дәлізге бейнебақылау камерасын орнатушымын деп қоңырау соққан. Ештеңені алаңдамаған зейнеткер пәтерінің есігін ашқан. Сол сәтте қаскөй үйге кіріп, жәбірленушінің бетіне белгісіз затпен суланған шүберекті жапқан. Содан ол есінен танып қалған. Зейнеткердің шарасыз күйде жатқанын пайдаланған күдікті пәтерден 7 миллион теңге ақша және алтын бұйымдарды қолды қылған.
Азаматшаға келтірілген шығын көлемі – 9 миллион теңге. – Аса қатыгездікпен жасалған қылмысты ашу мақсатында облыстық Полиция департаментіне қарасты барлық бөліністерге бағыттама берілді. Тиісті іс-шараларды өткізу барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы күдікті анықталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 4-тармағына (Қарақшылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. Қылмыстық кодекстің санкциясына сәйкес, күдікті дүние мүлкі тәркілену арқылы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.