Миллиардты да мандытпады. Алматы облысында небәрі үш жыл бұрын ғана бюджеттің 1 миллиард 600 миллион теңгесіне салынған мектептің сапасы сын көтермей қирап жатыр. Жыл сайын құрылысқа жабылып қалатын білім ордасының 700-ден астам оқушы әлі күнге дейін онлайн оқып жүр, деп хабарлайды paryz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал мектепті дайын деп қабылдап алған Талғар ауданының атқамінерлері бір-біріне сілтеп отыр. Қазір құрылыстың сапасын жіті тексеріп барып қабылдауы керек болған Сәулет және құрылыс бақылау басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр. 1 жарым миллиардтан астам теңгеге салынған мектеп. Ғимараттың сыртына енді дауа жоқ. Ар жағында оқушылар жаттығатын үлкен әрі әдемі алаң да бар.
Ал ғимараттың ішіне кірсең, жағаңды ұстайсың. Қабырғалары опырылып, едені қопарылған. Қазір қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр екен. Небәрі екі-ақ метр тереңдіктен су шығып жатыр. Тұрғындар ми батпақтың үстінен мектеп салу мүлдем миға қонымсыз деп отыр. Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылындағы мектеп құрылысы 2019 жылы аяқталып, оқушылар оқуына кіріскен. Алайда, сол уақыттан бері үш рет онлайнға ауысыпты. 2020 жылы – пандемияда, қалған екі жылда ғимараттың сапасы сын көтермей қирай бастады дейді ата- аналар. Олардың айтуынша, мектеп батпақтың үстінде орналасқандықтан жерасты суы көтеріліп, нысан шөгіп кеткен.
«Осы мектепке 1 миллиард 600 миллион бөлінді. Ол қайда кетті? Неге жауапкершілік жоқ?! Лайық емес. Ақауы көп. Құрылыстар мына технология дегенді бұзған кезінде ... Одан кейін тағы жөндеуге 135 миллион берді. Ол ақша қайда? Біз Талғарға бардық, облыс әкіміне бардық. Бәрі біздің жағамыздан қағып, «бәрі болады» дейді. Бірақ құр сөз», - дейді Дәулет ауылының тұрғыны Әсем Атагелдиева.
Талғар ауданың атқамінерлері ата-аналардың жанайқайына мүлдем басын қатырмайтын сыңайлы. Білім бөлімінің басшысы құрылыстан кемшілік кеткенін мойындаса да, мардымды жауап бермеді. Тек құрылыс бөліміне ғана сілтеумен болды.
«Жылы да басталып кетті ғой. Сол кезде мектептің ішінде арақабырғасы, негізгі қабырғасы деп айтпаймыз. Арақабырғасы шытынап жарылған. Бірінші қабаттың едені түсе бастаған. Оны қабылдап алған – аудандық құрылыс бөлімі», - деді Талғар ауданы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова.
Ал құрылыс бөлімінің бас маманы «басшылар жауап береді» деп, дәретханаға қаша жөнелді.
Бірақ қазір осы мектептің құрылысын тексеру керек болған сәулет және құрылыс бақылау басқармасының басышысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Осы жұмысқа салғырт қарағаны үшін Алматы облысы әкімдігі тарапынан сәулет және құрылыс бақылау басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Бірақ ол кісінің денсаулығының сыр беруіне байланысты, қазір бұл жұмыс уақытша тоқталды. Кейінге шегерілді. Ол кісі жұмысқа шыққан бетте қызметтік тексеріс жүргізілетін болады. Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс прокурорына бұл жұмысқа тікелей тексеру жүргізуін сұраған болатын», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Қазір құрылысқа арнайы сараптама тағайындалған. Қорытындысы шыққан соң, нақты қандай жұмыс атқарылу керектігі белгілі болады. Ал құрылыс жұмысын осы мектепті салған мердігер өз қалтасынан жүргізеді.