СҚО-да полицейлер жоғалған адамды іздеп жатыр

Еріктілердің қатысуымен жоғалған 260 адам бірінші тәулікте табылған.

СҚО-да полицейлер жоғалған адамды іздеп жатыр
Фото: ашық дереккөз

СҚО-да жыл басынан бері 90 адамға іздеу жарияланды. Полицейлер олардың 67-сін тапты, деп хабарлады paryz.kz, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің мәліметінше, еріктілердің қатысуымен жоғалған 260 адам бірінші тәулікте табылған.

"Петропавлда жыл басынан бері 27 адамға іздеу жарияланды. Олардың 26-сы табылды. Ал 28 тамызда хабар-ошарсыз кеткен 81 жастағы зейнеткер Надежда Агафонова әлі табылған жоқ. Полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне іздеу қағаздары ілініп, департаменттің әлеуметтік желілерінде жарияланған", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Егде жастағы әйел таңғы сағат 8:00 шамасында үйінен шығып, "Жигули" деген жердегі саяжайға кеткен. Оның орналасқан жері әлі белгісіз. Ұмытшақтық ауруына шалдыққан. Ерекше белгілері: арықша келген, бойы шамамен 160-165 сантиметр, шашын ақ шалған, қысқа, көзінің түсі сұр. Қара шалбар, күрең барқыт жемпір киген, басына шымқай көк орамал таққан.

Полицейлер бұл әйелдің орналасқан жерін білетін адамдар болса, 102-ге хабарласуларын сұрайды.