Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

2023 жылға үй бағасына болжам

Ұлттық банктің 2022 жылдың 1 желтоқсандағы мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 811,2 млрд теңгеге 61 357 қарыз берілген. Демек, бағдарламаға бөлінген 1 трлн теңге лимиттің бітуіне 190 млрд теңгеге жуық қаражат қалды. Ипотекалық бағдарламаның ендігі жылы қандай шарттармен жалғасары әлі нақтыланбады деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyquni сайтына сілтеме жасап.

2023 жылға үй бағасына болжам
фото: dom.kz

«БАНК МАҚҰЛДАҒАНЫМЕН, САУДАДАН ЖҰРТТЫҢ ӨЗІ БАС ТАРТЫП ЖАТЫР»

Қазақстан риэлторларының өз-өзін реттеуші қауымдастығының президенті Александр Пактың айтуынша, баға инфляция деңгейінде, ай сайын 1,5-2% өсіп отырады. Бірақ, соңғы 1-2 жылдықта болған бағаның тым шарықтауы қайталанбайды. Бірақ ол үшін елдегі экономикалық тұрақтылық сақталу керек.

Ал Алматы мен Астанадағы жаңа құрылыстарды әкімшілік шектеу шаралары бағаны ұстап тұруға жақсы деп есептейді. Мысалы, елордада былтыр 3 млн шаршы метр үй салынса, биыл 2 млн шаршы метр салу жоспарланған.

Бірақ, бұл халыққа емес, құрылыс компаниялары үшін жақсы. Өйткені олар сол белгіленген көлемде үй сала алады. Ал компаниялар шекті мөлшерде ғана салатындықтан үйдің құны төмендемейді деген пікір айтады.

Логистикалық, маркетингтік қиыншылықтарға байланысты құрылыс материалдары бағасының өсіп жатқаны белгілі. Жағдайды түсіну үшін біразымен сөйлесіп те көрдім. Көбі тапсырыс берушілермен келісімшартқа отырмайды. Себебі қандай шығынмен келетінін ешкім тап басып айта алмайды. Сол үшін материалды жеткізушілер алып келгеннен кейін ғана саудаласады. Әйтсе де баға тоқтаусыз өсе бермейді. Себебі материал жеткізушілерге де уақытылы табыс керек. Оның үстіне, бұрыннан қалған материал қоры бар. Олар да саудасының жүргенін қалайды. Сол үшін құрылыс материалдарының бағасын бірқалыпты ұстап тұруға тырысады, дейді маман.

Сарапшының пайымынша, үй бағасы дегенде алдымен нарықтың негізгі факторы – халықтың табысына қарау керек.

Мысалы, биылғы баға өсімінен кейін ерекше жағдай болды. Біз сатып алушыларға қалаған үйін тауып береміз, оған банк несиені мақұлдайды, сосын банк ай сайынғы төлемін есептеп берген кезде өздері саудадан бас тартып жатты. Себебі жұрттың қалтасы көтермейді. Өңірлерде ай сайынғы төлем 148 мыңнан 250 мыңға дейін барады.

Оның сөзінше, шаршы метрдің нарықтық бағасы орташа табыс бойынша есептеледі. Мысалы, Таразда 220 мыңнан 370 мыңға дейін, ал Астанада 600 мыңнан 1 миллионға дейін баратыны ешкімге таңсық емес. Сондықтан аяқасты шарықтап кетеді деуге еш негіз жоқ.

Ал сатып алушылар арасында тек 10%-ның ғана бірнеше үйі бар. Олар ақшасын үй құрылысына салып, алыпсатарлықпен айналысушылар. Бірақ ол 10% бүкіл нарыққа ықпал етіп, сұранысты арттыра алмайды деген сенімде.

ЭКОНОМ САНАТ АРЗАНДАЙДЫ

Элит, бизнес және комфорт санаттары доллар курсы мен инфляцияға және импорттық құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. Олардың құрылыс материалдарының 60%-ы сырттан келеді. Соған байланысты Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов келер жылы баға нарығында тұрақсыздық болады деген ойда. Соның ішінде әсіресе ірі қалалардағы комфорт санаты айына 1%-дан өсіп отырмақ.

Ал төртінші санаттағы эконом үйлердің құны айына 1-1,5% төмендеп отырады деп болжайды. Өйткені құрылыс материалдарының 80%-ы отандық өнім. Оның үстіне, мемлекет қазір осы төртінші санаттағы, яғни қолжетімді үйлердің құрылысын ынталандырып жатыр.

Бағаның күрт өсімі болмайды. Өйткені бізде онсыз да шарықтап тұр. Орталықта Кеңес Одағы замамынан тұрған үйлердің шаршы метрі 800 мың, 1 миллион теңгеге дейін барады. Жалпы қазір сұраныс азайды. Тіпті, кей компаниялар клиент тарту үшін жыл соңына дейін немесе келер жылы салынып бітетін үйлерінің бағасын төмендетіп жатыр. Сұраныс азайған себебі халықтың қолында ақша жоқ. Қазір «7-20-25» бітуге таяды, мемлекет субсидиялап отырған бағдарлама тек «Отбасы банкінде» ғана. Ал банктердің несиенінің пайызы өте жоғары, дейді Ермек Мүсірепов.

Оның сөзінше, құрылыс компанияларының баға аралығы бар. Сол аралықта не арзандатып, не қымбаттатып отырады.

РЕСМИ СТАТИСТИКА: ҮЙ САУДАСЫ ӨСІП, ЖАЛҒА АЛУ АРЗАНДАДЫ

Айта кетейік, ресми статистика бойынша бір жылда (қараша, 2022 – қараша, 2021) қайталама нарықтағы пәтерлер бағасы – 26,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 17,3% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда биылғы қарашада 48,6% артты.

Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбе – 30,3%, Семей – 26,9%, Ақтау – 25% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығы саудасындағы баға өсімі бойынша тізімді – Талдықорған (44,6%), Ақтау (43,3%), Семей (42,8%), Ақтөбе (42,4%), Астана (41,7%), Қызылорда қалалары бастап тұр (41,2%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығындағы жоғары қымбаттау Алматы (76,6%), Қарағанды (55,7%), Қостанай қалаларында (54,5%).

Бір айдың ішінде (қараша, 2022 – қазан, 2022) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 1%,  жаңа тұрғын үйді сату 1,2% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда қарашада 2,4% төмендеді.