Оралда кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқандар анықталды. Алаяқтық жасады деген екі күдікті қамауға алынды деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы БҚО ПД өз Instagram парақшасында хабарлады.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Орал қаласының сауналары мен жалдамалы пәтерлерін тексеру бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізді. Тәртіп сақшылары оқиға орынынан түсірілген кадрларды бөлісті. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде жеңгетайлықпен айналысты деген күдікпен Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды.
Сондай-ақ олар кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 309-бабы "Жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау" және Қылмыстық кодекстің 134-бабы "Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту" бойынша тіркелген қылмыстық істер шеңберінде сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.
Егер сосындай құқық бұзушылықтардың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне немесе "116 - 16" сенім телефонына қоңырау шалу немесе жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласуға болады — деп ескертті полиция өкілдері.