Елорда маңындағы Майбалық көлінің шығыс жағында экологиялық бақ пен балық аулауға арналған жасанды су қоймасы пайда болады. Бұл туралы қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, Майбалық көлінің шығыс жағына қарай экологиялық бақты салу осынау мекеннің табиғи амандығын сақтап қана қоймай, туристік және экономикалық әлеуетін де ашатынын жеткізді. Экологиялық бақта балық аулауға арналған жасанды су қоймасы пайда болады. Одан бөлек ерекше қорғалатын аумақ, жаяу және велосеруенге арналған жолдар, спортпен айналысуға болатын, бірегей экожүйені қолдауға арналған аумақтар құрылады.
«Экобақ мектепке дейінгі балалар, оқушылар мен студенттер үшін ғылыми-танымдық алаңға айналуы мүмкін. Ол жерде ғылыми және табиғи жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады», - дейді Ұранхаев.
Майбалық көліндегі екінші экобақтың жалпы аумағы 400 гектарды, ал су қоймасы 120 гектар болады деп жоспарланған.