Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қызылордада алдағы 3 жылда 45 елді-мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланды

Қызылорда өңірінде барлық аудан орталықтары толықтай газға қосылған. Қазірдің өзінде аймақта тұрғындардың газ тұтыну деңгейі 68 пайызға жетті деп хабарлайды Paryz.kz.

Қызылордада алдағы 3 жылда 45 елді-мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланды
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Президент тапсырмасы аясында межеленген міндеттер өз уақытында орындалып, әр жыл сайын бірнеше елді-мекенге табиғи газ тартылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. 

Биыл елді мекендерді газдандыруға арналған 14 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 8,7 млрд.теңге қаржы бөлінген. 14 жобаның 8-і биыл аяқталса, қалған 6-ы келер жылы жүзеге асырылмақ.

Осы жылы Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдары, Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбыры тартылып, Қазалы ауданындағы Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды.

Ал, Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш, Қазалы ауданы Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара елді мекен тұрғындары да жақын күндері көгілдір отынның қызуын сезініп, көмір жағып, күл шығару мехнатынан арылады. 

Биылғы жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталып кетті.

Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде автоматты газ тарату станциясын орнату жобалары да қатар жүзеге асады. 
Жобаларды іске асыру нәтижесінде биыл облыстың 19 мыңға жуық тұрғыны табиғи газқа қосылып, көгілдір отынның игілігін көреді.
Айту керек, өткен жылы басталған Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерін газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Дегенмен бұл жобаны да мердігер өз қаражатымен биыл аяқтауға ниетті. 
Әкімдік келер жылы Энергетика министрлігіне 15 жобаға өтінім ұсынды. Салалық министрліктен қолдау тапса, Сыр еліндегі бірнеше ауылға, қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғын үйлерге алау оты жағылады. Мәселен, қала маңындағы Абай мен Досан ауылы, Шиелідегі Бестам, Еңбекші, Жиделіарық, Жаңақорғандағы Жайылма ауылы, Шалқия, Құттықожа, Төменарық және Кейден елді мекеніне газ жеткізу жоспарланған. 
Облыс орталығына жақын Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Жалағаштағы Ақсу ауылдары да бұл тізімде тұр. 
Аймақта алдағы 3 жылда тағы 45 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарда бар. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай газдандырылған елді мекендер саны 70-ке жетеді.