Түркістан облысында "газдың" ақшасын жинаған ер адам алаяқ болып шықты

Мекеме тұрғындардан 2019 жылдың ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында пайдаланған табиғи газ өнімдерінің төлемақыларын төлеуді талап еткенде, олар төлеп қойғандарын жеткізген. Алайда мекемеге ешқандай ақша түспеген.

Түркістан облысында "газдың" ақшасын жинаған ер адам алаяқ болып шықты
Фото: дереккөз

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тұрғындардан тұтынған газдың ақшасын жинап алып, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады paryz.kz

Polisia.kz сайтының мәліметінше, Сарыағаш аудандық ПБ-не жеке меншік мекемеден қатынас хаты келіп түседі. Онда мекемеге тиесілі 2 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз адам алаяқтық жолмен иеленіп алғаны көрсетілген. Яғни мекеме тұрғындардан 2019 жылдың ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында пайдаланған табиғи газ өнімдерінің төлемақыларын төлеуді талап еткенде, олар төлеп қойғандарын жеткізген. Алайда мекемеге ешқандай ақша түспеген.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тіркелді. Алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде мекеменің қызметкері анықталып, ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер күдіктіні аудандық полиция бөліміне жеткізді.

Тергеу барысында анықталғандай, мекемеде бақылаушы болып қызмет атқаратын ер адам өзінің арам ойын іске асырған. Тұрғындардың сеніміне кіріп, төлем алу міндетіне жатпаса да, үй-үйді аралап, мекемеге тиесілі қаражатты жинап алған. Осылайша, күдіктінің пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды.