Ермұрат Бапи Тазабек Сәмбетбайға алдымен стақандағы суды шашып, артынша стақанның өзін лақтырды...
31 арнадағы "Неге" бағдарламасының кезекті түсірілімі кезінде студияда Ермұрат Бапи ЖСДП төрағасының орыбасары Тазабек Сәмбетбаймен төбелесіп қалды, деп хабарлады paryz.kz.
"Неге" бағдарламасының студиясында тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы Ермұрат Бапидан: "Ермұрат мырза, осы ЖСДП-ны сіз 200 мың долларға сатып жіберді деген әңгіме рас па?" – деп сұрады. Сауалға Ермұрат Бапи жауап беруге оқталғанда, ЖСДП партиясы төрағасының қазіргі орынбасары Тазабек Сәметбай: "Ермұрат Бапи базар қылды, саяси сахнаны базарға айналдырды. Саудагер! Көпес!" – деп спикерді сөйлетпей қойды.
Осы сөздер Ермұрат Бапидің ашуын келтірсе керек, Тазабек Сәмбетбайға алдымен стақандағы суды шашып, артынша стақанның өзін лақтырды. Одан кейін Бапи Сәмбетбайға "кө...іңді қыс!" деп зекіп, жағынан салып жіберді. Тіпті басқалардың араласқанына қарамай, тепкенін де байқауға болады.