Әскерге барған соң төрт күннен кейін көз жұмған маңғыстаулық Әлібек Қалбайдың туыстары оның өліміне кіләлілер жазаланса дейді. Олар сарбазды жерлеген соң эксгумация жасап, экспертизаға бергенде марқұмның 18 жерінде гематома бар екені анықталған екен. Сондықтан жас жігіттің өліміне бір ғана адам кінәлі дегенге сенбейді. Сөздерінше, осы уақытқа дейін 24 сот отырысы өтіп, 127 куәгерден жауап алынған. Сонымен қатар сарбаздың өліміне дейін әскери бөлімдегі 220 камераның бір де біреуі жұмыс істемейтінін әскерилер білмегенін алға тартып отыр, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Жақындары Әлібек Қалбайды өзімен қатарлас сарбаз ұрып өлтірді дегенге сенбейтіндерін айтады. Олар 18 жастағы жігітті жерлеген соң, эксгумация жасап, тәуелсіз сараптамаға берген. Экспертиза нәтижесінде Әлібек Қалбайдың денесінде 18 жерде гематома бар екені анықталып отыр. Әрі сарбазды әскери бөлімде "Айжамал" деп атап мазақ еткен дейді туыстары.
“Балама 18 жерінен жарақат, гематома салған. 18 жеріне жарақатты бір бала салды дегенге мен сенбеймін. Себебі сержанттардың да, командирлердің де қатысы бар екеніне менің көзім жетіп тұр. Менің балапанымды кім ұрып, кім не қылған болса, әділ шешім шығарсын. Мен сол әділдікке жетпей қоймаймын. Балапанымды соншама қинайтындай не керек болды ол балапанымнан”, – дейді Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағамбетова.
“18 сәуірден бастап денесін тексеру журналында бала мүлдем тіркелмеген болып шықты. “Айжамал” деп марқұм қайнымды мазақ қылған офицер “сержант Дайрабаев” деп бізге айтты ғой енді Аманжолов Айболаттың ата-анасы. Сол кезде өтірік детекторында 50-де 50 растап шығарып берді Айжамал деп айтқанын, баланы солай мазақ қылғанын. Соның барлығы сот отырысында куә жоқ деп қараусыз қалды”, – дейді Әлібек Қалбайдың жеңгесі Динара Тілесова.
Әскерилер туыстарына алғашында Әлібек сапта тұрған кезде есінен танып құлады десе, кейін өзінің қатарласы соққыға алған деп хабарлаған. Сөздерінше, 24 сот отырысында жақындары ұсынған дәлел-айғақтардың ешқайсын сот назарға алмаған. Ал бас әскери прокуратура өкілдерінің айтуынша сот істі қайта қарау үшін прокуратураға қайтарған.
“Алматы гарнизоны әскери сотының қаулысымен курсант Қалбайдың өліміне қатысты қозғалған өндірісі қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабының талаптарына сай прокурорға кері қайтарылған. Сот шешімі жәбірленуші анықталмаған басқа тұлға тарапынан соққыға түсуі мүмкін деген тұжырыммен негізделген. Аталған қаулыдағы көрсетілген дәйектермен келіспей, мемлекеттік айыптаушының тарапынан аппеляциялық сот алқасына өтініш енгізілген”, – деп мәлімдеді Бас әскери прокуратураның басқарма бастығы Кемел Шаяхмет.
Сонымен қатар прокурорлар дәлелдерге сот процесінен тыс баға беру мүмкін емес дейді. Қылмыстық іс аппеляциялық сот сатысында 9 қарашада қаралмақ. Әскери прокуратура өкілдері барлық дәлел аппеляциялық сот отырысында толық анықталатынын айтып отыр.
Айта кетейік, Әлібек Қалбай сәуір айында Отардағы № 30/212 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге барып, жауынгерлік антты қабылдамай жатып қайтыс болған еді.