Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Тоғжан Қожалы: «Маған енді ешкім Тілеухандар әулетінің келіні деп қарамайды»

Қоғам белсендісі, «HAQ» қайырымдылық қорының жетекшісі Тоғжан Қожалы NEGE-ге жеке өмірінің құпиясымен бөлісті. Мейрам Тілеуханмен не себепті ажырасқанын егжей-тегжейлі айтып берді. Айта кету керек, былайғы жұрт Тоғжан Қожалыны Бекболат Тілеуханның келіні деп танитын. Сондықтан да болар, бұрынғы қайынағасы сұхбаттарында саяси қызметі үшін келінін жиі сынап келген-ді.

Тоғжан Қожалы: «Маған енді ешкім Тілеухандар әулетінің келіні деп қарамайды»
Фото: ашық дереккөз

Танымал әулетке тиесілі шаңырақтың шайқалуы  түрлі қауесетке сылтау болып отыр. Тоғжан Қожалының өзі ашық сұхбаты арқылы бұған нүкте қоймақ:

- Отбасылық жағдайыңыз жөнінде өзіңіз әлеуметтік желіге жаздыңыз. Бұрыннан бөлек тұрған ба едіңіздер? Заңды түрде ажырасқаннан кейін ғана жария еттіңіз бе?

- Ел алдында жүрген соң, жұртшылықтың көзі маған жиі түседі. Сондықтан отбасылық жағдайымды әлеуметтік желіге жазуға мәжбүр болдым. 19 қыркүйектен бастап жолымыз екі айырылды. Ресми түрде енді ажырасып жатырмыз.

- «Тоғжан Қожалиеваның ажырасуына қайнағасы Бекболат Тілеухан түрткі болды» деген жел сөз гулеп кетті. Бұл қаншалықты рас?

- Бір сұхбатында мен туралы айта келе: «Туған ініме ажырас деймін бе?» деген еді. Енді ол кісілер қуанып отырған шығар. 

- Бұған саяси көзқарасыңыз себеп болғаны ма?

- Ажырасуға басты себеп болған жайт – ұрпақ сабақтастығы. Ортада ұл баланың болмауы. Оның үстіне, мен басқа келіндерден өзгешемін.

- Бекболат Тілеуханның отбасы дінді қатты ұстанатынын білеміз. Бұрынғы күйеуіңіздің таңдағын әйелінің келбеті еуропалық. Басқа діндегі әйел емес пе? Бұл қалай болғаны?

- Ислам дінін қабылдап, намазға жығылды.

- Сізге де әулет ішінде дін мәселесі бойынша, айталық, «намаз оқымады» дегендей айып тағылмады ма?

- Мен де намаз оқимын. Он жылдан бері бері бес парызымды қаза етпей өтеп келемін.  

- Отбасында ыдыс-аяқ жиі сылдырлап тұратын ба еді? Көзқарас қайшылығы туындады ма?  

- Ұл керек дейді. Бізде жалғыз қыз бар. Бір ғана себеп – осы. Әйтпесе, тату тұрдық. Жақсы отбасын құрдық. Бақытты едік. Әке-шешесі, үй іші «ұл керек» дегенді жиі айтатын.

- Шаңырағыңыздың шайқалуына София Кляйнның тікелей кінәсі жоқ болғаны ма? Қарым-қатынастарыңыз бұзылғаннан кейін жолыққан ба, сонда? 

- Ресми әйелі боламын деген – сол қыз.

- София әлеуметтік желіге «танысқаннан кейін екі күннен кейін үйленуге ұсыныс жасады» деп жазыпты.

- 17 қыркүйекте танысқан. 19 қыркүйекте күйеуім кетіп қалды.

- Демек, отбасының бұзылуына оның да кінәсі болғаны ғой...

- Әрине! 22 қыркүйекте «Сенің жалғыз әйелің болуым керек, ажырас» деп талап қойған.

- Сонда, күйеуіңізге екінші әйел алуға рұқсат берген бе едіңіз?

- Иә. Иманды, тақуа, өз орнын білетін  әйел болса, тоқал алуға да рұқсат бергенмін.

- Бұған қарамастан ол ажырасу туралы шешім қабылдады. Солай ма?

- Мен енді нәрестелі бола алмаймын. «Ол қыз ұл туып береді» деп үміттеніп жүр.

- Бұдан бөлек, отбасының бұзылуына саяси көзқарастарыңыз да ықпал етпеді ме?

- Жоқ. Керісінше, ол екеуміздің саяси көзқарастарымыз бір болды. Тату тұрдық. Ажырасу туралы мәселені мен емес, күйеуім көтерді.

- Бұл жағдай сізге ауыр тиген шығар?

- Әрине. Айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағы бір күнде ортасына түсті. Бір жақсы жері, маған енді ешкім Тілеухандар әулетінің келіні деп қарамайды. Саяси талпыныстарымда еркін боламын. Қайырлы жері – осы.

NEGE.KZ