83 жастағы алматылық ақсақалдың роликтерін TikTok-та екі млн адам тамашалайды

Тілеуғали Сатыбалдиев әлеуметтік желідегі парақшасында әдемі киім үлгілерін көрсетіп, немерелерімен қызықты ролик түсіреді. Оның бейнежазбалары миллионнан аса адамның көңілінен шыққан. Ақсақалдың өзі TikTok-та танымал боламын деп ойламаған, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 

83 жастағы алматылық ақсақалдың роликтерін TikTok-та екі млн адам тамашалайды
Фото: видеодан скриншот

Тілеуғали Сатыбалдиевтың алғашқы ролигі бірден көрермендердің көңілін жаулап алады. Ол киімді талғаммен киеді. 83 жасқа келсе де тың қимылымен де ерекше. Ол жарты жылдан бері әртүрлі бейнежазбалар түсіріп, парақшасына жазылған көрермендерін қуантып жүр. Түсірілім мен монтаж жұмыстарына немерелері көмектеседі екен.

«Екінші немерем маған көмектесіп жүреді. Бастапқыда бір миллион, артынша 2 миллион адам қарапты дейді. Таңғалып, солай видео түсіруге одан әрі құмарттым», - дейді ақсақал.

Алты ай бұрын Тілеуғали ата өзінің құдай қосқан жарынан айырылып қалады. Көңілі құлазып, мұңаймас үшін балалары мен немерелері аталарына TikTok желісін үйретіпті. Алматы тұрғыны бала кезінен сәнді киінгенді жақсы көретінін айтады. Ер адамның үстіндегі киімі таза әрі жарасымды болуы керек дейді.

«Мен киімді өзім таңдаймын. Өзіме ұнағанын ғана киемін. Кемпірім болған уақытта да көп кеңес берген жоқ. Кішкентай бала кезімде киімімнің жыртылып қалғанын тігіп, өзіме келістіріп алатынмын», - дейді тиктокер Тілеуғали Сатыбалдиев.

Ақсақал «Мақсатым танымал болу емес, өмірімді мәнді өткізу» дейді. Оған қоса немере, шөберелеріне жақсы тәрбие бергісі келетінін айтады.