Ұлты орыс болса да, жаны мен тілі қазақ Түркістан облысының тумасы, полиция қызметкері Михаил Крокус жақында есімін Мәди деп ауыстырды, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Polisia.Kz порталына сілтеме жасап.
24 жастағы Михайл Крокус бала кезінен қазақ тілін жетік меңгерген. Мәди өз ортасында, үйде, жұмыста қазақ тілінде сөйлейді екен. Кішкентайынан өз ортасы Михаилды қазақшалап Мәди деп атап кеткен. Осы есімге әбден үйренген ол болашақта балаларының тегі қазақ есімінен болғанын қалап, атын заңды түрде ауыстырған. Өзін бұрыннан Мәди санайтын полиция аға лейтенанты бұл ісіне қуанатынын жасырмады.
“Балалық шағым сұлу табиғатымен ерекшеленетін Леңгір қаласында өтті. Сол қалада ер жеттім, бой түзедім. Туған жердегі мектепте 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін білім алып, 10 және 11-сыныпты темір жолдың торабы Арыс қаласында тәмамдадым. 2017 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түсіп, құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманыма бір табан жақындадым. Сол сәтте мамандығымның маңызын, оны таңдауда қателеспегенімді ұқтым. Сол сезім, сол мақтаныш мені өз саламда қадамдарымды нық басуға жетелеп келеді”, – дейді ол.
Қазіргі таңда Михайл Крокус Арыс аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Сондай-ақ отбасылы болып та үлгеріпті.
“Қызметте жүктелген міндет көп. Жауапкершілік жоғары. Соған қарамастан әрқашан отбасыма көңіл бөлемін. Мен болашақта өз балаларыма әкесі ретінде ғана емес, тәртіп сақшысы ретінде де үлгі болуым керек. Отбасымның амандығы, үйдегі жайлылық пен тыныштық мен үшін маңызды. Себебі Отан отбасынан бастау алады, – деді ол.
Мәди Крокус күнде қарапайым тұрғындардың ортасында жүріп, өзіне жүктелген аумақта заңға қайшы әрекеттердің алдын алу үшін әрдайым азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізетінін айтады.
“Жалпы, халық құқық бұзушылық жасамаса, тәртіпке бағынса екен деймін. Бірақ тура жолдан таятындар да кездеседі. Мысалы, пәтер ұрлығын алайық. Мұндай қылмысқа көбінесе жағдайы төмен жандар, мас күнемдікке салынып кеткен азаматтар барады. Қылмыстың, құқық бұзушылықтың мән-жайын дер кезінде анықтаймыз. Себебі қала аумағы үлкен емес. Барлық жерде камера бар. Мәселенің ақ-қарасына көз жеткізген соң ұрланған затты заңды иесіне қайтарамыз”, – дейді ол.
Әңгіме барысында учаскелік полиция инспекторы қызметтегі есте қалған ерекше оқиғасын да айтып берді.
“Жақында ұрлық қылмысы бойынша оқиға орнына бардым. Аталған дерек негізінде жұмыс жүргізу барысында екі мас ер адамды байқап қалдым. Мен өз аумағымдағы тұрғындарды жақсы танимын. Жаңағы екі азаматтың да жағдайынан хабарым бар. Осы ұрлыққа солардың қатысы жоқ шығар деген үмітпен дейін бе, әлде күдікпен дейін бе, әйтеуір бір ойым соларда болды. Көз қиығын екеуі отырған үйдің аумағына салдым. Сенесіз бе, сол сәтте ұрланған заттардың бірін байқап қалдым. Осылай бұл қылмыс небәрі бір сағаттың ішінде ашылды. Осы оқиға мен үшін есте қаларлықтай болды. Учаскелік полицейлердің қызметтегі артықшылығы осында деп ойлаймын. Өз аумағындағы тұрғындарды бір кісідей таниды, – деді Крокус.
Жас полицей биыл Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту ісіне елеуі үлес қосқаны үшін Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен алғыс хатпен марапатталды.