Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

"Енді "Нұр заман ақындары" деген зерттеулер басталады" - Асылхан Мамашұлы

"Ғажайып лирик Тұманбай бастап, Несіпбектер қостаған жуан шоғыр Зар заман ақындарынан әлдеқайда көп. Ақындығымды айт, басқада шаруаң болмасын деген уәжіңді кейінгі зерттеушілер ескере қоя ма екен?" - дейді ол.

"Енді "Нұр заман ақындары" деген зерттеулер басталады" - Асылхан Мамашұлы
фото: коллаж

Журналист Асылхан Мамашұлы Facebook-тегі парақшасында қазіргі одашыларға, нақтырақ айтқанда, "сарай ақындарына" "Нұр заман ақындары" деген ат қойып, айдар тағып отыр. Олардың да болашақта "Зар заман ақындары" сияқты жеке зерттелетінін "сезеді" екен, деп жазды paryz.kz.

"19 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, Ресей саясатына наразы көңіл күйдегі Дулат, Шортанбай сияқты қазақ ақындарының үлкен шоғырын Мұхтар Әуезов "зар заман ақындары" деп атады. Зар заман ақындарының әрқайсысынан бірнеше диссертация қорғалды. Әдебиетті кезеңге бөлу тұрғысынан сын-сипатын дөп бейнелейтіндіктен, зар заман термині жақсы орнықты. Кер заман, тар заман, сұм заман деген терминдер дәл бұлай сіңе алмады.

Меніңше, енді біраз уақыттан кейін 1990-нан бергі қазақ әдебиетіндегі "Нұр заман ақындары" деген зерттеулер басталады (терминді патенттеп жатырмын). Қазір бет көрсе жүз ұялатын таныс-паныс кетіп, әр 40-50 жылда бір келетін жылымық соққанда, осы күнгі ақындарды түгел жіліктемеуі мүмкін емес қой", - дейді ол.

Оның пайымдауынша, "Махаббат пен табиғатты жырладым, билікте шаруам болмады" дейтін, бірақ, "нұр заманға" күйлеген ақындар да, "нұр заманды" қара басының қамы үшін ашықтан-ашық мадақтағандар да, шын сеніп, білімсіздіктен тамырына су құйғандар да осы топқа кіреді-міс.

"Ғажайып лирик Тұманбай бастап, Несіпбектер қостаған жуан шоғыр Зар заман ақындарынан әлдеқайда көп. Ақындығымды айт, басқада шаруаң болмасын деген уәжіңді кейінгі зерттеушілер ескере қоя ма екен? Қазақ ақындығын айтқанда азаматтығын қоса айтады. Мықты ақын еді, өлеңі төрт аяғын тең басып тұратын еді, ел құрметіне бөленген еді, бірақ ел сөзін сөйлегісі келмеді, я сөйледі дейді", - деген әріптесіміз, сөзіне "тұздық" ретінде ертедегі Отыншы ақынды мысал еткен.

Айтуынша, баяғыда Отыншы ақын халық санағын жүргізген ояздың жанынан қалмай бір ай жүрген. Ояз да оған кетәрі болмапты. Күн сайын қонағасыда одашымыз оны әбден мақтайды екен. Ояз арқадан қағып, тиын-тебен берген сайын Отыншы мадақ жырын үдете түсетін көрінеді.

"Ақыры ояз жалығып, ештеңе бергісі келмей қалады. Әрі қазақтың сыйлы адамдарының көңілін аулайтын шапан шынымен де таусылып, ыңғайсыз болады. Оған қапаланған Отыншы сонда да бірдеңе беріп қала ма деп біраз айналсоқтап, болмаған соң боқтап кетеді (осыған ояз қатты таңырқап, ішін тартады, негізі. Бұл естелік ескі кітаптарда бар).

Өмір ғой.

Өмір жалғасып жатыр", - деп түйіндеген жазбасын Асылхан Мамашұлы. Ал оған пікір білдіргендер әзірге іліп алар ештеңе айтпаған. Сол баяғы қалам ұстаған қауымды жалпылама күстаналап, жаппай жоққа шығарған, өзінен басқасын "кәкәй" көретін өзеуреу өңкей.