Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Атышулы қаржы пирамидаларына еліміздің 17 мың азаматы алданған

Тергеу кезінде олардың "тез баюға" 30 миллиард теңгеден астам ақша салғандары анықталды.

Атышулы қаржы пирамидаларына еліміздің 17 мың азаматы алданған
Фото: "Диапазон"

Салымшыларды алдап соққан "Выгодный займ", "Estate Ломбард", "Гарант 24 Ломбард"-қа байланысты тергеу аяқталды. Тергеу жұмысының ішінде 56 адамның аты аталып, соның алтауына халықаралық іздеу салынды, деп хабарлады Paryz.kz, KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық істе 17 мыңнан астам салымшы жәбірленген. Тергеу кезінде олардың "тез баюға" 30 миллиард теңгеден астам ақша салғандары анықталды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанболат Абдраемов мәлімдеді. Полиция подполковнигінің сөзінше, қаржы пирамидасын ұйымдастырғандардың бәрі - Ақтөбе облысының тұрғындары. Сондықтан сот отырысы да Ақтөбе қаласында өтпек.

"Тергеу кезінде 56 күдікті анықталды. Оның алтауы халықаралық іздеуде жүр. Қалған 50 адамның 33-і уақытша ұстау изоляторында отыр. Бесеуі үйқамақта, қалған 12 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Тергеу барысында бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктілердің қылмыстық жолмен сатып алған мүлкі анықталып, бәріне тыйым салынды", - деді Жанболат Абдраемов.

Қазіргі кезде жәбірленгендерді қылмыстық іспен таныстыру процесі атқарылып жатыр. Ол біткен соң іс сотқа жөнелтіледі.

"Басқа қалалардан филиал ашып, өзге адамдарды қылмысқа тартқан. Сол себепті, Қылмыстық кодекстің "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты, оларға қатысу" бабы бойынша іс қозғалды. Күдіктілерден тәркіленген мүліктің құны 2 миллиард теңгеден көп. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", - деді аға тергеуші.

Енді алданған халық жеңіл ақшаның көзін көрсетеміз, байытамыз дегендердің үкімін соттан күтіп отыр.