Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Башқұрттар: Қазақ халқы, бізге пана болыңыздар!

Кремль билігі елде ішінара мобилизация жариялағалы-бері Ресей халқы дүрліге бастады. Мәскеу, Петербор бастаған ірілі-ұстақты қалалар мен республикаларда жаппай наразылықтар өтіп жатыр. Мобилизация жарияланғалы Ресейден өзге мемлекеттерге кетіп жатқан адамдардың саны еселеп артты. Ресми: 21-25 қыркүйек аралығында Ресейден 250 мыңнан астам ер азамат шекара аттап, шетке кеткен екен. Солардың ішінде Қазақстанға қарай ағылған көштің де қарасы қалың. Біз бұл туралы жаздық.

Башқұрттар: Қазақ халқы, бізге пана болыңыздар!
Фото: ашық дереккөзі

Жуырда Ресей субьектілерінің бірі саналатын – Башқұртстанның қоғамдық белсенділері мен Башқұрт Ұлттық-Саяси орталығының басшылары Қазақстанға, қазақ халқына қайрылу жасап, үндеу жариялапты.

Башқұрт белсенділері РФ президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы агрессиясы мен Ресейдегі этникалық аз ұлттарға қатысты саясатын қатаң айыптайтынын айтып, «Путиндік соғыстан» бас сауғалап қашқан башқұрт азаматтарына пана беруді сұрапты. Біз аталған үндеуді Abai.kz порталында жариялағанды жөн санадық.

Башқұрт Ұлттық-Саяси орталығының Қазақстан Республикасына үндеуі

Құрметті бауырлар!

Бір-біріне көршілес орналасқан біздің бауырлас халқымыз ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне көмек қолын созып келеді. Қазақ халқы біздің башқұрттың бас көтерген азаматтары мен олардың отбасыларына пана болып, жандарын қалай сақтап қалғанын біз тарихтан жақсы білеміз.

Сол секілді Қазақ хандығының жеріне Жоңғарлар шапқыншылық жасаған кезеңдерде біздің башқұрттар да өз әскерімен көмекке келген.

Алаш Орданың басшылары мен Башқұртстанның Үкіметі күш біріктіріп, қызыл террорға қарсы бірлесіп күрескенін, өз автономияларын алуға ұмтылғанын біз тарихтан білеміз. Өз уағында біздегі көтеріліс басшысы болған Киния Арасланов пен Қарахакал хан дәл сіздің жерден пана тапқан еді.

Тәуелсіз Қазақстандағы бауырлар, әпкелер!

Біздің жерімізге тағы да пәле келді. Ресейлік имперлік шовинизм дәл қазір біздің ондаған мың баламызды Тәуелсіз Украинаға қарсы соғысқа айдап салуда. Бұл империя ғасырлар бойы біздің халқымызды жойып келеді. Тілімізді, тарихымыз бен дәстүрімізді жойды. Енді қазір біздің ер азаматтарымыздың қолымен еркін Украина жерінде «орыс әлемін» орнатпақшы.

Біздің ер азаматтарымыз бұл соғысқа барғылары келмейді. Біз Кремльдің имперлік, шовинистік саясаты үшін соғысқымыз келмейді. Сол себепті де, мәжбүрлі мобилизациядан бас сауғалап, туған топырағымызды тастап кетуге мәжбүрміз.

Қазақстан – Башқұртстан мен Татарстанға және Орал-Волга аймағындағы өзге республикаларға ең жақын орналасқан Тәуелсіз мемлекет. Сол себепті де, бізден бас сауғалап қашқандардың дені сіздердің мемлекетке қарай ағылуда.

Башқұрт Ұлттық-Саяси орталығы Қазақ халқына, қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорларға, жекелеген белсенділерге үн қатып, көмек сұраймыз. Украина халқына қарсы соғысқа барудан бас тартып, бас сауғалап, сіздерге барған біздің азаматтарымызға көмек қолдарыңызды ұсынуларыңызды сұраймыз. Олардың көбі қолдарына құжаттарын ғана алып шыққандар. Әрі қарай өмір сүруге қосымша қаражаты жоқ азаматтар. Біздің азаматтарымызға уақытша тұрғынжай, тұрмысқа қажетті керек-жарақ, дәрі-дәрмек берудің мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз.

Біз Путиннің имперлік саяси машинасы Украина халқының темірдей тегеурінінен жескесі үзіліп, біздің еліміз де өз егемендігін алатын күн туатынына бек сенеміз! Сіздердің бұл көмектеріңіз мыңдаған ер азаматтың өмірін сақтап қалады. Бұл дегеніңіз – балалар әкесіз, әйелдер күйеусіз қалмайды деген сөз. Сіздердің бүгінгі көмектеріңіз, біздің ертеңгі болашағымыз.