Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Нұрлы жер": Баспана салуға бөлінген қаржының 50%-ы игерілмеген

Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсе береді.

"Нұрлы жер": Баспана салуға бөлінген қаржының 50%-ы игерілмеген
фото: astana.gov.kz

Сенатор Андрей Лукин жоғары палатаның жалпы отырысында  "Нұрлы жер" қолжетімді тұрғын үй салу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминның атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады paryz.kz.  

Депутат Маминнен "Нұрлы жерге" бөлінген қаражаттың 50%-дан астамы игерілмегеніне назар аударуын сұрады. Оның айтуынша, бағдарламаға 873,8 млрд теңге бөлінсе, оның тек 476,8 млрд теңгесі ғана жұмсалған. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсе береді.

"Кезекте тұрғандардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген, онда 45,2 мың адам, ал Алматы облысында 43,3 мың адам кезекте тұр", - деді Андрей Лукин.

Сонымен бірге Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметі бойынша 2017-2019 жылдар аралығында елімізде "Нұрлы жер" бағдарламасымен 32,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Оның пайымынша, бұл мөлшер жеткіліксіз, өйткені кезекте тұрғандардың саны әлі де көп. Тізімде негізінен әлеуметтік осал топ азаматтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет ұйымдарының қызметкерлері және әскерилер бар.

"Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын игеру деңгейінің төмендігін, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің асыра бағаланған көрсеткішін ескере отырып, бөлінген қаржының пайдаланылуы, тапсырылған тұрғын үйдің бөлінуі мен мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санын азайтуға нақты әсері туралы ақпарат беруіңізді сұраймын", - деді депутат. 

Бүгінгі күні Қазақстанның тұрғын үй қорының ауданы 347,4 млн шаршы метрге, көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны 78 402-ге жетті.