Журналист әскерге кеткен тағы бір сарбаздың ауыр халде жатқанын, ата-анасының зар еңіреп отырғанын айтты.
Бұл туралы paryz.kz сайты caravan.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Әрбір сарбаз үшін мемлекеттен аман барып, сау қайтуы үшін кепілдік алуымыз керек дейді Гүлмира Әбіқай.
– Кеше ғана ойнап-күліп жүрген жас жігіт әскерге барған 3 айдың ішінде осындай кеселге ұшырады. Ешқандай жын кірген жоқ, бастан контузия алды.
18 жасар Алдияр Кеңесбекті әскерилер биылғы маусым айының 7-сі күні оқып жүрген жерінен алып кеткен. Таңертең Тараздағы колледжге емтиханға кеткен бала кешке тобымен бірге әскерге аттанады.
Өзі Жамбыл облысының, Рысқұлов ауданынан Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімге түседі. Ант қабылдаудан бұрын таяқ жеп үлгереді. Отбой кезінде жел шығарғаны үшін сержант басынан орындықпен ұрған. Ертеңіне сапқа тұрғанда есінен танып құлаған Алдиярдың содан бері талмасы ұстайды. Одан кейін антты қалай қабылдағаны белгісіз?
Осындай судоргамен 2 ай жүрген жауынгер ақыры ауруханаға түседі. Әкесі Кеңесбек Әбдірайымовқа ауруханадан белгісіз жан хабарласып, баласының осында жатқанын айтқан.
Мұны естіген әкесі Ақтөбеге барып, ұлын емдеуге қатысты отпуск алады. Енді 7-ші қазанда отпускі бітеді, балам мына түрімен қалай борышын өтейді деп зар жылайды ата-ана.
Осы мен әскерилерге таңым бар, бір бөлімшеде бір нәрсені бүлдіреді де іс қозғалса не ауысып кетеді не жұмыстан шығып кетеді.
Алдындағы марқұм Әлібек Қалбайды қорлады деген офицерлер де жәй ғана өзге бөлімге ауысып кеткен.
Қысқасы былай, жақында Президент сайлауы. Енді үміткерден әлеуметтік-мәдени саламен қатар әскерге кеткен баланың аман қайтуына мемлекеттік кепілдік беруін өз бағдарламасына қосуын талап етейік. Әйтпесе, зіңгіттей 18-дегі жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп бірі ауру, бірі табытпен оралуда. Сіз не дейсіз?, – деп жазды журналист.
«Сұмдық ай сұмдық! Адам емес мал екен ғой мына біздің ұрғыш, батырсымақтар! Тексеру керек бүкіл әскерді. Жазасын алсын ит шошқалар!», «Әскерде де адам өлтіргіштер көбейіп кетті. Баламды армияға жібергім келмейді. Оданша көзалдымда аман-есен жүргені жақсы», «Алла кінәлі адамның жазасын аямай берсін», – деп ашына жазды оқырмандар.