Қазақстандықтардың жеке немесе банк деректеріне қол жеткізу үшін телефон алаяқтары жалған нөмірден қоңырау шалып, өздерін ресми орган қызметкерлері ретінде таныстыратын көрінеді. Өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін олар алдын ала дайындалған құйтырқы әдіс-амалдарын іске асыруға тырысады. Осыған орай Forte Bank мамандары алаяқтар ең жиі қолданатын тәсілдер мен олардан қорғанудың жолдарын айтып берді.
“Банктен қоңырау соғып тұрмыз”
Соңғы кездері азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтардың саны көбейген. Forte Bank мамандарының айтуынша, олар түрлі сылтаулар айтып, қайтсе де сіздің жеке деректеріңізді біліп алуды көздейді. Әдетте күдік тудыратын адамдар төмендегідей мысалдар келтіруі мүмкін:
Шотыңыздан әлдекімдердің қаражат шешіп алу үшін операциялар жүргізіп жатқанын айтып, сендірмек болады. Осылайша олар ұрылардың жолын кесу үшін жеке мәліметтерді, банк деректерін сұратып, мобильді қосымшаның кілтсөзін ауыстыруды ұсынып, SMS код жібереді. Қажетті ақпаратқа қол жеткізген соң қаскөйлер атыңыздан несие рәсімдеп немесе шотыңыздағы ақшаны өздеріне аударып алуы мүмкін.
Әлдебіреулер мобильді банкингті бұғаттамақшы деп қорқытады. Жалған банк қызметкерлері есепшотыңызды қорғау мақсатында қосымша орнатуды ұсынады. Ал түптеп келгенде бұл қосымша арқылы олар телефонда сақталған жеке деректеріңізді қолға түсіреді. Бұлардың арасындағы ең танымалдары: AnyDesk, Team Viewer, App Lock Keep, Lockit Master, Android Joker және т.б.
Шотыңыздағы қаражатты ұрылар аударып алды деп алдайды. Алаяқтар қаражатыңызды сақтап қалу мақсатында оны басқа шотқа аударуға кеңес береді. Сәйкесінше олардың айтқанына ерсеңіз, ақшаңыздан айырыласыз.
“Қаражатты қателесіп, сізге аударып жібердік”
Егер шотыңызға әлдекімнен қаражат түскені жайлы хабарлама келсе, қуануға асықпаңыз. Себебі бұл алаяқтардың кезекті әдісі болуы ғажап емес, дейді Forte Bank мамандары. Расымен де ақша аударымы болғанына көз жеткізу үшін мобильді банкингті тексеріңіз немесе банкке қоңырау соғыңыз. Міндетті түрде бұл қаражаттың кімнен келгенін анықтауға тырысыңыз. Алаяқтардың бұл әдісі төмендегідей өрбуі мүмкін:
Қаражат шотқа түспеген. Хабарлама келген соң алаяқтар бірден қоңырау шалып, ақшасын қателесіп, сізге аударып жібергенін айтып, сендіруге тырысады. Олардың бар ойы – мәселенің ақ-қарасына көз жеткізіп үлгермеген азаматтың аңқаулығын пайдаланып, қаржы өндіріп алу.
Қаражат шотқа түскен. Бұл жағдайда алаяқ сізге хабарласып, ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Сіз оның сөзіне сеніп, айтылған соманы басқа шотқа аударасыз. Алайда қаскөй сізге қоңырау соқпай тұрып, банкке қате ақша аударымы жайлы хабарлап қойған. Нәтижесінде сіз екі рет шығынға ұшырайсыз.
Шотыңызға несие сомасы аударылған. Алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алған жағдайда атыңыздан микронесие рәсімдеуі мүмкін. Қарыз сіздің атыңыздан болғандықтан, қаражат та сіздің шотыңызға түседі. Несие сомасы аударылған соң, артынша күдікті хабарласып, сізге қаражатты кері қайтаруды сұрайды. Оның сөзіне сеніп, қаржыны басқа шотқа аударып жіберуден аулақ болыңыз. Себебі біршама уақыт өткеннен кейін атыңызда несие барын білуіңіз мүмкін.
Ұлттық банк “қызметкерлері”
Соңғы кездері өздерін Ұлттық банк немесе полиция қызметкері деп таныстырып, азаматтардың қалтасына қол сұғатын алаяқтар көбейген. Олар "арам пиғылды банк менеджерін құрықтау шараларын" жүргіземіз деген желеумен азаматтарды несие рәсімдеуге немесе микроқарыз алуға көндіріп, ақшаны үшінші тұлғаның шотына аударуға үгіттейді. Мұндай алаяқтар алғашында полиция қызметкері ретінде қоңырау шалып, Ұлттық банкпен бірігіп, арнайы операция өткізіп жатқанын хабарлайды.
Сенімді болып көрінуі үшін телефон желісіне Ұлттық банк қызметкерін қосқандай болады. Тіпті, қызметкерлердің жалған құжаттарын, банк аударымдары жайлы деректер мен басқа да құжаттарды жіберуге дейін барады. Бұл алаяқтардың ұйымдасып жұмыс істейтінін көрсетеді. Есіңізде болсын: Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жасамайды
“Сіз қомақты ұтыстың жеңімпазы атандыңыз”
Forte Bank-тің қауіпсіздік қызметкерінің сөзіне сүйенсек, бұл – алаяқтардың жиі қолданатын тағы бір әдісі. Әдетте олар қитұрқы әрекеттерін жүзеге асыру үшін әлеуметтік желіні немесе мессенджерлерді пайдаланады. Қаскөйлер желі пайдаланушыларына қомақты ұтыстың жеңімпазы атанғанын, ақшаны алу үшін сайтқа деректерді енгізуді сұрайды. Кей жағдайда көрсетілген сайт расымен де сенімді болып көрінуі мүмкін: мұнда танымал банктердің, ұйымдардың логотиптері мен басқа да ақпараттар көрсетіледі. Алайда жеке деректеріңізді сайтқа енгізген соң бұл мәліметтер қылмыскерлердің қолына түседі. Одан бөлек ұялы телефоныңызға немесе сайтқа кірген компьютеріңізге вирус жұғуы ықтимал. Сәйкесінше көрсетілген деректердің негізінде алаяқтар атыңызға несие рәсімдеп немесе шотыңыздағы қаражатты аударып алады.
Forte Bank мамандары банк қызметкерлері ешқашан жеке деректерді сұрамайтынын айтады. Себебі клиентке қатысты барлық мәліметтер банкте сақталады.
Бұған қоса мамандар мына ақпаратты ешкімге айтпауға кеңес береді:
Мамандар қоңырау шалған адам жеке деректеріңізді сұрай бастаса, бірден тұтқаны қоюға кеңес береді. Себебі әңгіме барысы ұзарған сайын, алаяқтардың шырмауына түсу қаупі артады. Ал егер қаражат аударылғаны жайлы хабарламаға ие болсаңыз, бірінші кезекте банкке хабар беріңіз. Хабарласқан кісінің сөзіне еріп, өз бетіңізше операция жасаудан аулақ болыңыз. Барлық мәселені банк мамандарымен ақылдаса отырып шешуге тырысыңыз.
Алаяқтарды қалай ажыратуға болады?
Банк қызметкерлері бірінші кезекте клиенттен операцияларды расымен өзі жүргізіп жатқанын анықтауға тырысады, дейді Forte Bank мамандары. Егер ақпарат расталған жағдайда олар бірден әңгімені аяқтайды. Ал алаяқтардың қолданатын әдістері төмендегідей:
Белгісіз себептерге байланысты шотыңыздағы қаражаттың азайғанын байқасаңыз, уақыт жоғалтпай, дереу банкке хабарласыңыз. Қажет болған жағдайда шоттарыңызды, картаңызды және қосымшаны бұғаттаңыз. Бір айта кетерлігі, егер сіз Forte Bank клиенті болсаңыз, оқиғаның бүге-шігесіне дейін сипаттап, қажетті дәлелдер мен скриншоттарды тіркеп, [email protected] поштасына хат жолда аласыз. Алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінен зардап шеккеніңізге көз жеткізген соң құқық қорғау органдарына шағымдануды ұмытпаңыз.