Мәжілістің экс-депутаты, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті Бекболат Тілеухан тележүргізуші Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Түркиядағы жеке өмірі жайлы айтты, деп жазады paryz.kz ақпараттық агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сұхбат барысында Бекболат Тілеухан журналистен «Конец власти» және «Окно овертонаны» оқыдың ба деп сұрайды. Кейін сұхбаттың дәл осы тұсы көпшілікке тез тарады.
Бекболат Тілеухан әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, өзі айтқан кітаптар туралы түсініктеме берді.
– Овертон терезесін жалпы ел білуге міндет деп айта алмаймыз. Бірақ сөз ұстаған, қоғамды өзгертем деген адамға бұл ауадай қажет деп білеміз. Овертон терезесі деген не? Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан бұзылмас, мызғымас Алланың заңдылықтарын бұзуға бағытталған дискурстық тәсіл. Қазақша айтқанда, шайтани тәсіл.
Бұл осыны әшкерелеген Джозеф Овертон деген американдық социолог, ғалымның еңбегі. Қоғамды бүлдірудің жолдарын әшкере қылғанда келтірген мысалдар арқылы елді біраз нәрсемен хабардар қылғым келеді.
Овертон терезесі бойынша айтылатын бірінші мәселе – қоғамда әбден қалыптасқан табуды кетіру үшін осы мәселені ел алдына алып шығу. Қоғамның шошитыны анық. Бірақ бұл бірінші қадам болып есептеледі, – деді Бекболат Тілеухан.