Шымкент: Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай гүл шоқтары қойылды

Шымкентте Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші, социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына «Әл-Фараби» алаңы мен  А.Асқаров көшесінің қиылысындағы  Асанбай Асқаров бюстінің алдында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі. 

Шымкент: Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай гүл шоқтары қойылды
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов және қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев және Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Досыбай Айтбайұлы, сонымен қатар бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, гүл себетін қойды. 

Іс-шарада сөз алған шаһар басшысы Асанбай Асқаровтың ешкімге ұқсамайтын өзінше дара жолы, өмірден көргені мен көңілге түйгені туралы сөз алып, құттықтау сөзін айтты. 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл. Ар мен намысты, адалдық пен әділдікті бәрінен жоғары қойып, туған елдің туын биік көтерген тұлға, артына өшпес із қалдырды. Оның ой-өрісінің кеңдігі, ұлттық рухының биіктігі, халқымыздың тарихы мен тұрмысын терең білетіндігі,  көргені мен естіп-білгеніне үлкен пайымдылықпен және парасаттылықпен қарайтыны сияқты қасиеттері өскелең ұрпақ үшін үлгі, тәлім-тәрбие екені сөзсіз. Халқының адал бағасын алған, шексіз құрметіне бөленген еліміздің дара тұлғасы, арысы Асанбай Асқаров есімі ел есінде мәңгі сақталады, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы. 

Жиын соңында ақын Жақып Мейіржан арнау әнін айтып, жиналғандарды бір сәт музыкалық көңіл-күйге бөледі. 

Айта кетейік, бүгін 15 қыркүйек Шымкент зоосаябағы мен дендросаябағының құрылуына тікелей мұрындық болған Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына орай саябақтарға кіру тегін.