Теміртауда ер адам қайтыс болған күннің ертесі құжат бойынша вакцина алған, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Бұл ақпарат коронавирусқа қарсы екпе салу туралы есептік жазбада тіркелген болып шықты. 59 жастағы ер адам былтыр 28 маусымда қауіпті індет салдарынан көз жұмған. Ал оған ертесіне вирусқа қарсы екпенің екінші компоненті егілген.
Тергеушілер оның себебін бірнеше ай бойы тексерген. Нәтижесінде Қылмыстық Кодекстің 385-інші яғни, "жалған құжат жасау" бабымен іс қозғады. Алайда кінәлі тұлға анықталмады. Медицина қызметкерлерінің ешқайсысы мойындамаған.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін барлық тергеу әрекеттері жүргізілді. Бірақ вакцина туралы ақпараттар базасы бар компьютерге барлық медицина қызметкерлері кіре алады екен. Сондықтан аталған іске кінәлі адамды анықтау мүмкін болмады", - дейді Қарағанды облысы полиция басқармасының өкілдері.