Нұр-Сұлтан қаласында бұрынғы депутат Бекболат Тілеуханға тиесілі болуы мүмкін жеті бөлмелі пәтердің сатылатындығы туралы хабарландыру жарияланды, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Arbat Media басылымының мәліметінше, қазір Түркияда тұрып жатқан Бекболат Тілеухан Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы қымбат пәтерін сатуды ұйғарған болуы мүмкін. Есіл ауданында орналасқан пәтердің бағасы – 160 млн теңге.
Krisha.kz сайтында жарияланған хабарландырудағы фотосуреттер саясаткердің әлеуметтік желідегі жеке аккаунтындағы суреттеріне ұқсас. Әсіресе, кіреберістегі қабырға мен бөлменің қазақы нақыштағы көрінісі Бекболат Тілеуханның осыған дейін түскен суреттерімен бірдей.
Пәтерде барлығы жеті бөлме, жуынатын төрт бөлме, үш гардероб, асхана, үш балкон және лоджия бар. Үйдің жалпы ауданы шамамен 350 шаршы метр. Пәтер есігі брондалған.
Қаңтардан бері шет мемлекетте жүрген Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алды деген сыбыс тараған. Алайда ол әлеуметтік желі арқылы төлқұжатын көрсетіп, ел азаматтығынан шықпағанын хабарлаған болатын. Сатуға шығарылған пәтер жайында бұрынғы депутаттың өзі пікір бермеді. Күні кеше ол Нұр-Сұлтанның бұрынғы Астана атауының қайтарылуына қарсы екенін мәлімдеген болатын.
Айта кетерлігі, хабарландыру алғаш шыққан кезде үй бағасы 159 млн теңге болса, қазір бағасы 1 млн теңгеге көтеріліп, 160 млн теңге делінген.