Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Алматыда қызды күштеп көлікке отырғызған": Қыз өзін алдап алып қашқанын мәлімдеді

Әлеуметтік желіде көлік жүргізушісінің Hyundai көлігін тоқтатып, қызды шығаруын талап еткен видео тарады. 

"Алматыда қызды күштеп көлікке отырғызған": Қыз өзін алдап алып қашқанын мәлімдеді
Фото: коллаж

Видео авторының сөзінше, қызды көлікке күштеп отырғызған. Кейін видеодағы қыз өзін алдап екінші рет алып қашқанын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Алматыда түсірілген видеоны Анастасия Беручева есімді желі қолданушысы жариялаған. Видеодан көліктегі қыздың дауысын естуге болады.

"...Үш ер адам қызды көлікке күштеп отырғызды. Абай даңғылы бойында, Фурманов пен Шевченко арасында. Видео 18:04-те түсірілді. Видеодан кейін олар Саин көшесіне бұрылып кетті", – деп жазды әйел. 

Полиция департаментінде видео қатысушыларының толық анықталғанын, ал қыздың көлікке өз еркімен отырғанын мәлімдеді. 

"Көлік "Буран-266" экипажымен қаланың Наурызбай ауданы аумағында ұсталды. Көлікте төрт адам болды, оның ішінде 28 жастағы А. есімді азаматша да бар. Ол ұлттық дәстүрді сақтай отырып, тұрмысқа шыққалы жатқан күйеу жігітінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтты. Бастапқы материалды жинақтау толық көлемде жүргізілді", – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Дегенмен кейін видеодағы қыз өзін алдап екінші рет алып қашқанын айтты. Сөзінше, видеодан кейін олар полиция бөлімшесіне барған. Алайда алып қашқан ер адам үйіне апарып тастайтынын, бірақ бұл үшін арызын кері қайтаруы керегін айтыпты. Хабарламаны желі қолданушысы жариялады. 

"Сізге көп рахмет. Сіздің арқаңызда бізді полиция тапты. Біз полиция бөлімшесіне бардық. Сол жерде мен арызды кері қайтарып алдым. Алып қашқан ер адам мені үйіме қайтаратынын айтты. Мен осыған сеніп, арызды қайтардым. Бірақ бөлімшеден шыққан соң ол мен тағы да алып қашты. Анама қоңырау шалып, не болғанын айтып үлгердім. Сосын ата-анам алып қашқан ер адамның үйіне барып, мені алып кетті", – делінген қыздың хабарламасында. 

Қыздың сөзінше, ер адаммен мектеп кезінен таныс. Алайда 1,5 жыл бұрын ғана желі арқылы сөйлесе бастаған. 

"Инстаграмда 1,5 жыл бұрын сөйлесіп бастадық. Мен өзім жақында Түркиядан келдім. Кездесіп бастағандай болдық. Мен басында-ақ үйленуге дайын емес екенімді айттым. Бір-бірімізді танып, сөйлесе берейік дедім, тұрмысқа шығамын деп үміт берген емеспін. Бұл сөзіме қарамастан ол мені алып қашты. Ұрған жоқ. Алып қашып, үйленгісі келді", – деп қосты ол.