Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте 50 шақты әйел әкімдік алдына жиналды

Олардың негізгі талаптары – әлеуметтік мәселелер. 

Шымкентте 50 шақты әйел әкімдік алдына жиналды
Фото: дереккөз

23 қарашада Шымкентте елу шақты әйел әкімдік алдына жиналды. Олардың негізгі талаптары – әлеуметтік мәселелер деп хабарлады paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, баспана, жәрдемақы мәселесімен келген әйелдер қала басшысы шықпаса, "осында қонамыз" дейді.

Әйелдердің бірі үйін жылытатын көмір жоғын айтса, бірі баласын оқытатын интернет жоғын, бірі ас-суы таусылғанын айтса, бірі баспана мәселесін көтерген. Көбі Қаратау және әл-Фараби ауданынан келген.

Аудан басшылары олармен сөйлесуге талпынып көріп еді, ашынған әйелдер оларға осыған дейін берген уәделерін орындамағанын айтып, қала әкімінің шығуын талап етті.

Әкімдік сыртында 20 шақты полиция қызметкері әйелдердің ішке кіріп кетпеуін қадағалап тұрды.

Бұдан соң әкімдік өкілдері әйелдерді ауладағы "Көрме орталығына" кіруге шақырды. Бірақ әйелдер әкімнің өзі халық алдына шығып, сұрақтарға жауап берсін деп көнбеді. Наразылардың бірі "халық болмаса, әкімнің не керегі бар" деп еді, өзін әкім аппаратының жетекшісімін деп таныстырған қызметкер "әкімді халық сайламайды" деп жауап берді.

Қала әкімдігінің өкілдері айқайлап, белсене талап айтып тұрған әйелдерді бір-бірлеп топтан бөліп әкетуге тырысып көріп еді, наразылар бұған көнбеді.

Нұр-Сұлтан уақытымен күндізгі сағат 14.00-де де әйелдер тарамай тұрды.

Шымкенттік әйелдер бұған дейін қала әкімдігіне бірнеше рет әлеуметтік мәселелермен келген. Олар қала әкімінің шығуын талап еткенімен, әкім түрлі себеппен шықпаған.

Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы және жалғызбасты әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Билік өкілдері "баспана мәселесі бір күнде шешілмейді, шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз" дейді. Дегенмен "мемлекет беретін баспананы оған шын мұқтаж отбасылар ала алмайды, баспанаға кезекке тұру өте қиын" деп есептейтін отбасылар бар.