Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Басшыдан бас тартамыз!": ШҚО-да бір топ дәрігер жанайқайын жеткізді (ВИДЕО)

Айтуларынша, мекеме басшысы жас дәрігер қыздар, медбикелер, есепшілерге өзімен төсектес болуды ұсынған.

"Басшыдан бас тартамыз!": ШҚО-да бір топ дәрігер жанайқайын жеткізді (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы орталық ауруханасының бір топ дәрігері мекеме басшысынан бас тартатындарын айтып, желіге видеоүндеу таратты. Ақ халаттылар аудандық аурухананың бас дәрігерінің лауазымға сай емес әрекетке барғанын жеткізді. Олар облыс басшылығына жанайқайын айтып, шағым жазған.

KAZ.NUR.KZ тілшісіне облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай әкімдік бұл жайды біледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы комиссия құрамы Үржар ауданында тексеріс жүргізеді.

Дәрігерлер облыстық басқармаға жіберген шағымында бас дәрігер Баубек Абылқасымовтың пандемия өршіген жаз айларында үйінде жатып алғанын жазады. Сондай-ақ оның адами қасиетке тән емес қылыққа барғанын да тілге тиек етті. Айтуларынша, мекеме басшысы жас дәрігер қыздар, медбикелер, есепшілерге өзімен төсектес болуды ұсынған.

"Бұл енді ешқандай моральдық талапқа сыймайды. Бұған дәлел ретінде бірнеше куә, аудиожазбалар бар, уақытында бәрі жария болатыны анық", - деп жазылған Whats app мессенджері арқылы тараған шағымда.

Шағымда дәрігерлер аурухана басшысының медициналық персоналмен дөрекі сөйлесетінін, қоқан-лоққы көрсететінін айтқан.

"Мен сендерге еңбекақы төлеп отырмын (еңбекақыны өз қалтасынан төлеп отырғандай), жұмыс істемесең кет, орныңа басқа маман әкелемін" деп қоқан-лоққы көрсетіп, ойына келгенін істеуде. Соның кесірінен талай мамандар жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Ауруханаға басшы болып келе салысымен өзімен бірге өзінің жерлестерін, жақындарын қызметке алып, ұжымның пікірімен санаспайтын болды. Басшылық жұмысына сын тұрмақ, пікір айтқан адамдар қудалауға ұшырауда. Бас дәрігердің функционалдық міндетіне медициналық қызметті ұйымдастырумен қатар,ұжымдағы береке бірлікті сақтау да кіреді емес пе?!»,- деп бас қатырады дәрігерлер. 

Шағымда сондай-ақ бас дәрігердің ешқашан бөлім меңгерушілерін жинап, бірге отырып, науқастар туралы талқылау жасамағаны айтылады.

"Биыл жаз айында елімізді дүрліктірген пандемия уақытында бірінші басшы ретінде медициналық көмекті ұйымдастырып,алғы шепте жүрудің орнына ешкімді маңына жолатпай, үйінде жатып алғанына ұжым куә, халық куә. Тек дәрігерлердің өз жұмысына жауапкершілігі мен жанкештілігінің арқасында ғана сол індетті жеңгенін бүкіл аудан халқы біледі", - дейді ашынған медицина қызметкерлері.

Сонымен қатар медицина қызметкерлері жазған шағымда Баубек Абылқасымовты аурухананың қаржысына қол салуы мүмкін екенін айтып, күдікті сұрақтарды тексеруді талап еткен. Оның ішінде Абылқасымовтың Алакөлдегі демалыс үйінде аурухананың жұмысшылары, кіші буын қызметкерлері жұмыс істеді деген ақпарат бар. Облыстық денсаулық басқармасы аталған фактілердің дұрыс-бұрыстығын тексеріс аяқталғанда мәлімдейді.