Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Мектеп директоры жұмыстан кетсін": сыныптасы көзін шығарған баланың ата-анасы алтыншы отаға халықтан көмек сұрайды

Былтыр 16 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылындағы Әбдікерім атындағы орта мектептің оқушысы Нұрлан Еркеғалиға сыныптасы қаламсап лақтырып, көзін жарақаттаған. Көзінен қан сорғалаған баланы ата-анасы аудан орталығындағы дәрігерлерге түнгі он бірде жеткізген. Ал мектеп тарапы ешқандай көмек көрсете алмаған, деп хабарлайды paryz ақпараттық агенттігі Azattyq-Ruhy-на сілтеме жасап.  

"Мектеп директоры жұмыстан кетсін": сыныптасы көзін шығарған баланың ата-анасы алтыншы отаға халықтан көмек сұрайды
Фото: azattyg. ruhy

«Мектептен ешқандай көмек болмады, директор, участелік полиция ештеңе шақырылмады. Содан өзіміздің көлікпен баламызды облыс орталығы Катонқарағай ауданына алып келдік. Ол жердегі дәрігерлердің нұсқауымен баламды Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жолдасым Мәдина Қасымқызы алып кетті. Бала түнгі сағат 11-де жеткізілді. Одан кейін балаға ота жасалды. Операция өте ауыр өтті. 25 пайыз ғана көретін болып, дәрігерлер ұлымның көзін сақтап қалды. Бала 10 күн ауруханада жатты. Көзінің жібін алдыруға барғанда дәрігерлер 20 пайыз көреді деген қорытынды шығарды. Бізді Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына жіберді»,-дейді баланың әкесі Серік Әкімбаев.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында балаға екі рет ота жасалады. Одан кейін, баланың ата-анасы Новосибирск қаласына барып, сонда тағы да операцияға жатады. Қайта Алматыға келіп, тағы да пышаққа түседі. Бірақ, көңіл көншітетіндей нәтиже шықпайды. Енді ата-ананың бар үміті Санкт-Петербург қаласының мамандарында. Алайда, ол үшін кем дегенде 7 миллион теңге қаражат керек екен. 

«Мектеп директоры Нұрмышова Гүлжанат ауылымыздың бас педагогі ретінде баланың денсаулығын сұраған да жоқ. Мектеп ұжымының атынан деп мұғалімдерден 66 мың теңге жинап берді. Бүкіл Катонқарағай ауданының мұғалімдері 300 мың теңге жинап берді. Сосын көзін шығарған баланың ата-анасы 300 мың берді. Қордан 400 мың теңге жиналды. Сол ақшаның бәрін  толығымен балаға жұмсадық. Өйткені 4 рет ота жасалды. «Қазақстан халқы қорына» өзіміз тікелей шықтық, ешқандай жауап келмеді. Сосын білім басқармасына «Қазақстан халқына қорына» басқарма атынан шығайық, 5-6 миллион теңге сұрап көрейік дедім. Олар түбегейлі бас тартты»,-дейді Серік Әкімбаев.

Биыл Қатонқарай ауданындағы 34 мектептің ұжымы бірігіп 700 мың теңге жинап қойған екен. Бірақ, бұл қаражатты Нұрлан Еркеғалидың ата-анасы алудан бас тартқан.

«Білім басқармасының басшысы ақшасын жиып қойғанбыз, келіп алып кетсін депті. Сонда олардың келіп, балаға көңіл бөлуге мүлдем уақыттары жоқ па? Қатты налыдым. Ал енді ұлымның сынып жетекшісі, мектеп директорына жай ғана айыппұл салынды. Прокуратураға жазам жауып тастайды, ішкі істер органдарына жазам, ол жақта да жауып тастайды. Білім сапасын бақылау департаменті директорға сөгіс бердік, ал сынып жетекшісіне берілетін сөгіс бізде қарастырылмаған дейді. Онда әр баланың көзі шығып, аяғы сына берсін. Менің балам 3 топ мүгедегі болып қалды. Қазір көзі небәрі 2 пайыз көреді. Ал ұлымыздың арманы «Жас ұлан» мектебіне түсу болатын.

Мектеп директорының Нұрмышов Фархат деген жолдасы бар. Сол тапа-тал түсте көлікпен артыма түсіп, маған қоқан-лоқы көрсетті. Мен директорының жұмыстан кетуін талап етемін»,-деді ата-ана.

Осы қайғылы оқиғадан кейін бұл отбасының шағын кәсібі де тоқтап қалған. Қазір баланың анасы да, әкесі де жұмыссыз. Сондықтан халықтан көмек сұраудан басқа амалымыз жоқ дейді.

«Өзім жұмыссызбын, жолдасым да. Шағын наубайханамыз бар еді, былтыр ақпан айынан бері тоқтап тұр. Қайырымды жандар көп қой. Халқым көмек қолын созатын шығар деп ойлаймын. Бізге жәрдем керек. Ешқандай ата-ананы баласымен сынамасын. Бізге көмектесіңіздерші. Баламды Санк-Петербугтегі дәрігерлерге алып баруыма әзірге 7 миллион теңге қаражат қажет. Ал ұлымды бірінші қыркүйек мектепке жібермеймін. Өйткені, әбден қорқып қалғанмын»,-деді Серік Әкімбаев.