Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Арыстанбекті құрықтау оңай болған жоқ - Тұңғышбай Жаманқұлов

«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, әйгілі «Тұңғышбай-Арыстанбек қақтығысы» салдарынан түрмеде отырғанына 2 айдай уақыт болған Азамат Көшенов атты жігіт өзінің Facebook-тегі парақшасы арқылы белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловқа темір тордың арғы жағында отырып жазған арнайы үшбухатын жеткізді.

Арыстанбекті құрықтау оңай болған жоқ - Тұңғышбай Жаманқұлов
Фото: коллаж

Актердың үй іші, бала-шаға, мал-жан амандығын түгел сұрағанмен, ол сөзін «Сіз мені мүлде танымайсыз, мен де сізді танымаймын, тек актер ретінде ғана танимын. Бірақ өмірде жолымыз түйіспесе де, менің пешенеме сізді тану, білу жазылыпты» деп жалғастырған. Айтуынша, Тұңғышбай Жаманқұлов сол «танымайтын адамға жала жапқан».

«Сіздің арызыңыз шенділер мен құқық қорғау органдарының құлағына шалынып, Мұхамедиұлының талай қылықтары мен байлықтарының арты ашылып, тергеліп жатыр. Әділдік деген осы шығар, ол тек Құдайға мәлім. Бірақ, ағасы, сіз Мұхамедиұлын атамын деп ол кісіге қатысымыз да, таныстығымыз да жоқ айдалада жүрген Exponat компаниясының қызметкерлерін атқаныңыз дұрыс болмады. Арызыңызда тіпті мені Мұхамедиұлының жақын танысы, сыбайласы ретінде көрсетіп, жалған ақпарат беріпсіз. Иә, қазір ол кісіні мен жеке танимын, түрмеде таныстық», - деп мысқылдады Азамат Көшенов.

Осылайша ол өзінің жазықтан-жазықсыз Тұңғышбай жапқан жаланың құрбаны болып кеткенін тәптіштеген. Осы орайда көлемді жазбаның астына белгілі журналист Абай Балажан мәселенің анық-қанығын білмек мақсаттағы өз пікірін қалдырды.

«Егер Тұңғышбай Жаманқұловтың бойынан титтей де болса ар табылып жатса, мына жігіттің алдында арылуы керек деп есептеймін! Тұңғышбайдың бала-шағасы бала-шаға да, қалғандардың бала-шағасының Құдай алдында құны жоқ па екен? Өткенде басына іс түскенде Назарбаевқа көз жасын көл қылып, «маған араша түсіңізші!» деп еңіреген жоқ па еді?! Енді өзі бүлдірген мына жігіттің тағдыры үшін Тоқаевқа еңіреп жылап, құтқарып алсын! Мына әрекеті үшін Азамат кек алмағанымен, Алла кек алатынын ұмытпасын!» - дейді ол.

Түрмедегі жанайқай көзіне шалынған Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі журналист пікіріне жауап ретінде Азамат Көшеновке қарсы арыз жазбағанын, тек Арыстанбек Мұхамедиұлының қамалуына септігі тигенін айтып ақталды.

«Мен Азаматтың емес, Арыстанбектің ұрлығын тексеруді жаздым. Азаматты өзі айтқандай білмеймін де, көрген де адамым емес. Арыстанбек деген – қулығына құрық бойламайтын айлакер адам. Оны құрықтау оңай болған жоқ. Енді ол өзін ақтап алу үшін неше түрлі сұмдықтар ұйымдастыруда. Егер Азамат тергеуге көмек етіп, бар шындықты айтып, дәлелдеп берсе, іс тез аяқталып, Азаматтың кінәсі жоқ болса, ол бостандыққа шығады деп ойлаймын», - дейді актер.

Айтуынша, бұл жерде өзін өйтіп қиянатқа қия салуға болмайды екен. Осыған орай өзінің «Азаматтың үстінен емес, Арыстанбек ұрының үстінен арыз жазғанын» шегелеп тұрып қайталады.

«Мен Азаматтың кінәсі болмаса, ақталып шығатынына сенем. Ал Арыстанбек сияқты аярдың алдауына түсіп, үлкен ұрлыққа себеп болса, мен араша түсе алмаймын. Тергеу аяқталған соң сот болады, бәрі орнына келеді. Тек Азамат Арыстандай алаяқтың алдауына түспесе екен деп бір Алладан тілеймен», - деп түйіндеді сөзін Тұңғышбай Жаманқұлов.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бұрын Жаманқұловтың Назарбаевтан араша сұрап жалынғаны мен кейін Мұхамедиұлының өз-өзін жаралап, Тоқаевтың алдында ақталғаны әншейін бергі жағы екен. Енді міне, бұл дауға Exponat компаниясының қызметкерлері қосылып жатыр. Әзірге арты немен тынары белгісіз...