Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ерсұлтан Әмзеев, TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының басшысы: «МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІ»

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 6 арнайы орталық бар. Оның бәрі халыққа тегін қызмет көрсетеді деп хабарлайды Paryz.kz.  

Ерсұлтан Әмзеев, TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының басшысы: «МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІ»
фото: ашық дереккөз

Соның бірі былтыр ғана ашылған «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы. Мұнда мүгедектігі бар азаматтардың қала өміріне белсене араласуына көптеген мүмкіндік қарастырылған. Оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету мақсатында ашылған орталықтың «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейді. Яғни, «Әлеуметтік қызметтер көрсету порталында» мүгедектігі бар қызмет алушыларға «Әлеуметтік порталмен» қолдану жолдарын үйрене отырып, қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, ақпараттық-консультациялық қызметтер, әлеуметтік қызметтер, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және құқықтық, психологиялық қызметтер көрсетіледі. 

Біз осы әлеуметтік қолдау орталығының басшысы Ерсұлтан Әмзеевпен сұхбаттасып, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызметтер, өзге де мүмкіндіктер жайлы сұрадық.

 –Ерсұлтан Қасымбекұлы, орталықтың ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар бұл орталық туралы құлақтанып үлгерді ме?

–«TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (Ж.Аймауытов көшесі, 130) мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету үшін құрылған. Мекеме ұйымдық құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес мекеме.

Орталық Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 4 қазандағы №1157 қаулысымен құрылды. «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» мүгедектігі бар азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету мақсатында ашылып отырған орталық.

Шымкент қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Иә, орталықтың ашылғанына 6 айдан асты. Құлақтанып жатыр. Сонымен қатар өз тарапымыздан инстаграм, фейсбук парақшамыз ашылғаны жайлы мәлімдеп отырамыз, сол бойынша мүгедектігі бар азаматтар естіп келіп жатыр. Жергілікті телеарналар арқылы да роликтер түсіріліп, көрсетілген болатын.

Орталықтың медиа жоспарында бекітілген атаулы күндер және одан бөлек, басқа да жалпы 10 іс-шара («1-наурыз Алғыс айту» күні, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай, «22-наурыз мейрамы «Ұлыстың ұлы күні» мерекесі,«1-мамыр Қазақстан Халықтарының бірлігі» күні «Татулық - достықтың киелі бесігі», 7-мамыр Отан қорғаушылар күні, 9-мамыр Ұлы жеңіс күні мерекесі, 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі және тағы да басқа) өткізіліп, фейсбук, инста парақшаларымызда 71 пост жарияланды.

Жалпы орталықта мемлекеттік мекемелер мен мүгедектігі бар азаматтармен денсаулық, білім, спорт, көлік, мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақылары және т.б. мәселелер бойынша 11 бірлескен отырыс және 6 психологиялық тренинг өткізілді. Мүгедектігі бар 120 азамат жеке мәселелері бойынша менің қабылдауымда болды. Әр сәрсенбі күні жеке қабылдау өткізіп тұрамын.

 –Орталық келушілерінің салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалған ба?

 –Әрине, мүгедектігі бар азаматтардың салауатты өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып, қаладағы мүгедектігі бар азаматтар апта сайын Шымкент қаласындағы «Марс» спорт кешенінде бассейнмен шұғылдану мәселесі қарастырылды.

Қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау ауданы әкімдіктерімен бірлесіп, шаштараз және моншаға мұқтаж мүгедектігі бар азаматтар апта сайын қамтамасыз етіледі.

Мүгедектігі бар азаматтардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендропаркке, зообақтарға және қаладағы басқа да саябақтарға орталықтың жауапты қызметкерлерімен бірге апта сайын серуендеуге барады. 

Орталықтың ұйымдастырумен мүгедектігі бар азаматтардың ұсыныстары бойынша кестеге сәйкес, апта сайын психологиялық тренингтер, арт, еңбек терапиясы, шахмат, шашка ойындары, музыка бойынша үйірме жұмыстары жүргізіледі.

 – Қала аумағындағы шалғай шағын аудандардарда тұратын мүгедектігі бар азаматтарға қалай қызмет көрсетесіздер?

– Орталықта 2022 жылдың 6 айында жалпы 4363 мүгедектігі бар азаматқа ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсету порталы, Еqov.kz порталынан қызметтерін алу мәселелері бойынша көмектер ұсынылды (Әлеуметтік такси қызметі – 642, Инватакси қызметі – 478, Заңгерлік кеңес – 22, Жұмысқа орналасу бойынша кеңес – 310, Кәсіптік оқытуға кеңес – 267, Бастау бизнес жобасына кеңес- 292, Психологиялық кеңес – 315, Кітапханаға келушілер – 221, Арт терапия (сурет салу) – 77, Еңбек терапиясы – 249, Фито бар, дәрігер – 238, Еgov.kz Электрондық үкімет порталы арқылы – 226, Санаторий – курорттық емделуге өтініш тастаған – 461, Санаторий – курорттық емделуге жолдама алған – 527, Сурдоқұрал алғандар – 6, Протез ортопедиялық құрал алғандар – 32).

Қала аумағынан шалғай жатқан шағын аудандардарда тұратын мүгедектігі бар азаматтарға «Көшпелі қызметтер түрлерін көрсету» акциясы бойынша қызмет көрсетеміз. 15 мұқтаж мүгедектігі бар азаматтың үйіне барып, тиісті қызметтер көрсетілді.

 –Білуімізше, сіздердің орталыққа келушілер еңбек терапиясы, арт терапиясымен айналысып, кітапхана да қызмет көрсетеді екен, иә?

–Иә, жоғарыда айтқанымдай, мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қызмет көрсетіледі. Мәселен, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығына қызмет алуға келген мүгедектiгi бар азаматтарға күнделікті фито бар бөлмесi қызмет көрсетедi. Онда асқазан, бауыр, итмұрын, бүйрекке, түймедақ, тыныштандыратын, кеудеге арналған шайлар ұсынылады.

Еңбек терапиясына келетiн мүгедектiгi бар азаматтар қол моторикасын дамытуға және қолдарының икемге келтіруге арналған моншақ, биссерлермен, тiгiн машинасымен тоқыма жұмыстарын жүргiзедi. Қолөнер жасап адамның жан дүниесі, ақыл-ойы, iскерлiгi, шеберлiгi дамып отырады.

Мүгедектiгi бар қызмет алушылармен бiрге «Арт терапиялар» атты психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Тренингтiң мақсаты – қатысушыларға «Арт терапия» туралы ұғым беру, арт терапия түрлерімен таныстыру, арт терапияның түрлерiне арналған ойындармен таныстыру, қызмет алушылардың достық қарым-қатынасын жақсарту.

Мәселен, орталық психологының ұйымдастыруымен таяуда «Сезіміңді суретте» атты психологиялық тренинг өтті. Қызмет алушыларға «Сезіміңді суретте» әдісі туралы түсінік беруді мақсат еттік. Бұл әдістің мүгедектігі бар азаматтардың бойындағы сезімдерін, үрейлерін анықтау үшін өте тиімді.

Тренингтің жоспарында сәлемдесу (танысу) жаттығу, арт терапия туралы түсінік, сурет салу терапиясы, еркін сурет жаттығуы, түстер терапиясы, сиқырлы алақан жаттығуы, рефлексия және қорытынды болды.

 Бұлардан бөлек, бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып тұрады. Кездесуде мүгедектiгi бар азаматтарға зейнетақы қорының тиiмдiлiгi мен талаптарын кеңiнен түсiндiру жұмысы жүргізіледі

Бізде жұмысқа орналастыру жайы да қарастырылған. «Мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 29 қарашадағы 1508 қаулысына сәйкес, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» КММ-нің сүйемелдеуімен ІІ топ мүгедегі Әмірхан Әсілханов осы жылдың сәуір айында А.Навой атындағы №11 ЖОМ-не физика кабинетінің зертханашысы ретінде жұмысқа орналасты. Әмірхан Әсілханов 1962 жылы дүниеге келген. 2 қыз, 4 ұлдың әкесі.

Мамандығы – есепші және инженер - механик. «Физика пәнінің мұғалімі» бойынша біліктілігі бар.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ