Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Тот басқан, лас": СҚО-да ауыл тұрғындары қар суын ішіп жүр

Тұрғындардың бірі ауылдағы су проблемасын қалай шешетінін айтты. Ол аулаға шығып, шелекке қар толтырып, оны пешке қояды екен.

"Тот басқан, лас": СҚО-да ауыл тұрғындары қар суын ішіп жүр
фото: pkzsk.info

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында орналасқан Становое ауылында барлығы 197 адам тұрады. Мұндағы тұрғындар үшін ең маңызды мәселе - су, деп хабарлады paryz.kz.

Біріншіден, су күн сайын берілмейді екен, екіншіден, оның сапасы күмәнді. Осыған орай, Tengrinews.kz тілшілері сол ауылға барып, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп қайтқан екен.

Ауылға URAN республикалық қозғалысының белсенділері де келді. Іс жүзінде жағдай әлдеқайда нашар екені белгілі болды. Тұрғындардың бірі ауылдағы су проблемасын қалай шешетінін айтты. Ол аулаға шығып, шелекке қар толтырып, оны пешке қояды екен. Айта кетейік, ол төрт баланың анасы. Отбасы ескі үйде тұрады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларға осыдан екі жыл бұрын су құбыры орнатылған. Алайда ол кейде істейді, кейде істемейді екен. Оны ішуге ешкімнің де батылы жетпейді дейді.

"Тот басқан, лас су" дейді қоғам белсенділерімен кездесуге келген әйелдер. "Ал қазір су бар ма?" деп сұрады келгендердің бірі. "Әлі ерте" деп жауап берді ауыл тұрғындары.

Мұнда су күн сайын емес және белгілі бір уақытта ғана қолжетімді екені белгілі болды. Жұмысқа шығып бара жатқанда су болмайды, жұмысқа кеткен соң да су келмейді, үйге келсе де су жоқ дейді.

"Су мәселесі - бітпейтін проблема. Өйткені магистраль ескі, мемлекет ақша бөледі, бірақ, қандай да бір себептермен ақша игерілмейді. Су бірде бар, бірде жоқ, тот басып қалған, қызыл су ағады", - дейді Светлана Гуменик.

Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Ауылды сумен жабдықтауға уақтылы қосу үшін, атап айтқанда, "Есіл су" РМК жүйелеріне қосу үшін бюджет қаражаты бөлінді. Осы жылы біз он ауылда осы жұмысты жүргіздік. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі таңда "Есіл су" РМК міндеттемелерін орындамады, магистралды су құбыры жоқ. 2021 жылға ауыстырылды", - деді әкім.

Оның айтуынша, тұрғындар қандай да бір су алуы үшін апатты жағдайда тұрған су құбырына қосылу туралы техникалық шешім қабылданды. Бір қызығы, Uran қозғалысының белсенділері Становое ауылына барған күні мектепте су болған.

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға таңғалды. Олар су URAN белсенділері ауылға баспасөз өкілдерімен және блогермен келгендіктен пайда болды деп болжап отыр. Біраз уақыттан кейін тұрғындар судың қайтадан тоқтап қалғанын айтқан. Олар мұны видеоға түсіріп жібергісі келген, бірақ ол әлі жеткен жоқ. Себебі ауылда байланыс нашар.