Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Төрт балам мектепке барады, киімді ала алмаймын" - көпбалалы ана

Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында мектеп формасына қатысты дау шықты. Оған Сарыағаш ауданында тұрмысы төмен отбасыларға жыл сайын тегін берілетін киім-кешектің биыл берілмейтіні себеп болған, деп хабарлайды paryz.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

"Төрт балам мектепке барады, киімді ала алмаймын" - көпбалалы ана
Фото: видеодан скриншот

Аудан әкімдігінің алдына жиналған көпбалалы аналар оқу жылы басталмай жатып маза қашқанын жеткізген. Себебі, мектеп мұғалімдері көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға биыл мектеп формасы берілмейді депті. Бұнысымен қоймай, әр балаға "осы киім үлгісімен киіну керек" деп шарт қойылған екен.

"Мектепке бірыңғай форма кигізесің дейді. Форманы біз береміз, оны аласың деп жатыр. Оны алатын менің жағдайым жоқ. Қайдан аламын? Төрт балам мектепке барады. Киімді ала алмаймын. Әрқайсына есептесең, 50 мыңнан кетеді. Оқу жабдығына 400 мың ақша керек екен. мен оны қайдан аламын?" - деді Сарыағаш ауданының тұрғыны Ғазиза Қожабердиева.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар дене шынықтыру пәніне қатысты жаңашылдықты сынап тастады.

"Биыл мынандай заң шығарыпты ғой. Мектепте дене шынықтыру сабағын 4-сыныптан 8-сыныпқа дейін бөліп қойған. Қызыл түс кисін, 8-сыныптан жоғары оқитын оқушыларға басқа түс кисін деген. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Арамызда тамағын тауып бере алмай жүрген ата-аналар бар. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз", - деп ашынды Ділнұр Кәрімбаева.

Бұған қатысты Сарыағаш ауданының әкімі пікір білдірді.

Оның айтуынша, биылға дейін мектеп формасымен қамтамасыз ету еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті болған. Енді бұның қай ведомствоға жүктелгені түсініксіз.

"Мектеп формасы бойынша білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Бүгінде бізде мектеп формасы жетім балаларға, сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойдық деп хабарлады өзі", - деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.