Оқиға Жасыбай курорттық аймағында орын алды.
Павлодар облысындағы Жасыбай курорттық аймағына келген ресейліктер жергілікті азаматтардың наразылығына ұшырады. Жағдайды баяндаған ресейлік әйелдің бейнежазбасы «Типичный Павлодар» телеграм арнасында жарияланды, деп хабарлайды paryz.kz azattyq rýhy-на сілтеме жасап.
Видео авторының айтуынша, көліктеріндегі «Z» белгісі жергілікті азаматтардың ашуына тиген.
«Біз Павлодар облысының аумағындамыз. Жасыбай курорттық аймағына келген ресейліктерміз. Бізді мұнда тым нашар қарсы алды. Көлігіміздің терезесіндегі «Z» белгісін көрген жергілікті азаматтар бізге тарпа бас салды. Олар бізді «Украинаға шабуылдадыңдар» деп айыптады, мына тұрған автобустың жүргізушісі «бұл жерде сендерді ешкім қуана қарсы алмайды, бұл жерден кетіңдер!» деді. Мен бұл видеоны бүкіл қазақстандықтардың көргенін қалаймын. Павлодар облысында осындай агрессивті адамдардың барын біліп жүріңіздер», - дейді бейнежазба авторы.