Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Абай ауданындағы оңды істер

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы тұрғындарымен жоспарланған есепті кездесуінде 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, тұрғындар сауалына жауап алды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Абай ауданындағы оңды істер
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

–Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі, мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешуді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген, - деді М.Әйтенов.


Оның ішінде Абай ауданы тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген. 
Айта кету керек, әрбір мәселе ауданда құрылған Қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды. 

 95 ПАЙЫЗЫ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛМАҚ

Өткен жылы Абай ауданын мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткен. Бұл жылы 95 пайыздық меже көзделген. 
Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Б.Парманов мәлімдеді. 
Мәселен былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ,2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады.   
Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі.

ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТТІҢ ҮЛЕСІ АРТҚАН


Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы өзінің нәтижелілігін көрсетуде. Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артқан. 
Ауданды өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елдімекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 
Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.


БИЫЛ ЭЛЕКТР ЖӘНЕ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҒЫРАҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Қала әкімінің есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы айтты.
Осы жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатта Құрсай (Арғымақ) шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 
Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді.

Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 91 пайызға жетеді. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елдімекендерінде құрылыс жұмыстар басталды, жыл соңына дейін аяқталады. Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі.
27 мың халқы бар Самал-3 және 6300 халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді.  
56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Мөлдір Кенжебай