Қазір отау құрған жастардың арасында gender party, baby shower жасайтындар көбейді. Яғни жүкті екенін білген келіншек дүниеге келер сәбиінің жынысын көпшілікке салтанатты түрде жариялап, атап өтеді. Ал халқымызда осыған ұқсас дәстүр ертеден бар, деп хабарлайды Рaryz.kz exk.kz сілтеме жасап.
азіргі жастар еуропалықтарға еліктеп gender party, baby shower ұйымдастырады. Ал ертеде қазақтар осыған ұқсас құрсақ шашу, құрсақ той өткізген. Яғни, қазіргі жастардың тойлап жүргені қазақта бұрынан бар нәрсе. Ақтөбе облыстық өлке тану музейінің қызметкері, сал-дәстүрді насихаттауға арналған "Шолпы" қыздар клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай аталған дәстүрдің ерекшелігін айтып берді.
Құрсақ шашу — қазақ халқының тек өзіне тән, еш жерде қайталанбайтын дәстүрі. Кей жерде бұны құрсақ той деп атайды. Ене келіннің аяғы ауыр екенін байқаса, құрсақ шашу жасайды. Бұл тойға ауылдың аналары, келіннің абысындары келеді,
— дейді Алмагүл Сарыбай.
Алмагүл Сарыбай
Мақсат — қуанышты атап өту, келіннің денсаулығына көңіл бөлу. Құрсақ тойға әйелдер неше түрлі тағам алып келеді. Тілектерін айтып, ән шырқап көңіл көтереді. Келіншекке ақыл-кеңетерін айтып, көңілін аулайды.
Әкелген тамақтардан жүкті келіншек ауыз тиеді. Келін жерік болса, ене оның жерік асын тауып береді. Құрсақ тойға келгендер келіннің жерік асын әкеліп, сауабын алады. Алмагүл Сарыбайдың айтуынша, келіншек жерік асын жемесе, баланың денсаулығына зиян келеді екен. Кейін баланың ауызынан су ағады деген сенім болған. Кей жерде жерік сөзін талғақ деп те атайды екен. Сондай-ақ келіннің жүкті екенін енесінен бұрын абысыны білсе, ол енесінен сүйінші сұрайды. Ал ене сүйіншіні беруі тиіс.
Сондай-ақ бала түсіп қалмасын деп келіннің көйлегінің етегін таспен бүріп қойған. Қазіргі кезде түйреуіш, немесе жіппен тігіп қояды. Аяғы ауыр келіншек сыртта шауып бара жатқан аттың дүбірінен, айқай-шудан шошып кетпесін, ата-баба әруағы қолдап жүрсін деген ниетпен, киіз үйдің оң жақ босағасына ақ орамал байлаған. Сырттағы адамдар орамалды көріп үйде жүкті келіншек бар екенін біледі. Келін шошымасын деп ол үйдің қасынан өткенде жүрісін баялатып, дауыс көтермейді,
— дейді Алмагүл Сарыбай.
Қазіргі таңда құрсақ шашуды көп адам жасай бермейді. Ал ертеде бұны ерекше атап өткен.
—Ауылда тұрған кезде ұзақ жыл сәби күтіп жүрген отбасылар жасайтын. Ауыл әйелдері жүкті келіншекке тілектерін айтып, тойды ерекше өткізетін еді. Қазір жастар еруопаға еліктеп шар жарып, сәбидің жынысын салтанатты түрде жариялап жүр ғой. Соның орнына осы құрсақ шашуды заманға лайықтап өткізсе, құпа құп болар еді, — дейді Алмагүл Сарыбай.
Байғанин ауданы Алтай ауылында ұзақ жыл ұстаздық еткен Алмагүл Сарыбай, қалаға келгеннен кейін, қазақтың салт-дәстүрін қыз-келіншектердің арасында насихаттауды қолға алды. Өзі құрған "Шолпы" клубына биыл он жыл болыпты.