Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков өзін бірнеше рет оппозиция мүшелерімен күресу үшін алаңға шығуға итермелегенін айтты. Алайда спортшы мұндай ұсыныстан бірден бас тартқан, деп хабарлайды Рaryz.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сұхбат берген Байрамуков басы дауға қалған Ермахан Ибрайымов туралы да айтып берді.
"Ермахан Ибрайымовты сыйлаймын. Еңбегі сіңген азамат. Алайда митингке қатысты жағымсыз жағдайға ұшырап қалды. Бәлкім ұшыратқан да шығар", – дейді Байрамуков.
Спортшының сөзінше, алаңға шығып, оппозиция өкілдерімен сөзге келіп, оларды алаңнан қуу туралы бірнеше ұсыныс келіп түскен.
"Бір емес, бірнеше болды мұндай әңгіме. Мен араларын достастыруға дайынмын дедім. Бірақ барып өзгенің ала жібін аттаудан бас тарттым. Мені шақырмаңдар деп қысқа қайырдым. Екінші рет жабық жиналыста қасықпен жинап-терген абыройымды сол жерде төкпеймін дедім. Жер мәселесінде де сондай ұсыныс болған. Өзім біреудің айтқанымен жүрген емеспін. Сөйлейтін сөзімді жазып аламын", – деп түсіндірді Ислам Байрамуков.