Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Бердалы Оспан: Елге қайтқан ақшаға жастарға пәтер салса, ажырасу азаяды! (ВИДЕО)

"Елге қайтарылған ақшаға жас жұбайларға арналған мемлекет меншігі болып табылатын, жекешелендіруге жатпайтын бір бөлмелі пәтерлер салу керек. Осылай еткен күнде қазақтың саны көбейеді. Жас жұбайлардың ажырасуы азаяды. Жастар еліміздің болашағы. Ал елдің болашағына ақшаны аяуға бола ма?" Бұл пікірді белгілі мәдениеттанушы Бердалы Оспан айтты деп жазады Рaryz.kz Adyrna.kz ұлттық порталына сілтеме жасап. 

Бердалы Оспан: Елге қайтқан ақшаға жастарға пәтер салса, ажырасу азаяды! (ВИДЕО)
коллаж Adyrna.kz

"Ұрланған ақшалар елге қайтарылып жатыр" деген жақсы хабарды естідім. Енді сол қомақты қаржыны қайда, қалай жұмсау керек деген сұрақтың туындауы заңды. Түрлі ойлар да айтылуда. Меніңше, бұл қаражатты бірнеше мәселелерді шешуге жұмсау нақты нәтиже бермейді. Себебі, ақша көп бөлікке бөлінеді де қайда, қанша жұмсалғаны туралы білу қиынға соғады және бұлай еткен жағдайда, қаражаттың тағы да ұрлану қаупі туындайды. Олай болмас үшін елге қайтарылған ақшаны бүкіл елдің көзіне көрінетін бір ғана ауқымды іске жұмсаған дұрыс деп білемін",- дейді мәдениеттанушы. 

Бердалы Оспан келесідей ұсыныстар айтты:

"Елге қайтарылған ақшаға жас жұбайларға арналған мемлекет меншігі болып табылатын, жекешелендіруге жатпайтын бір бөлмелі пәтерлер салу керек. Әр жас жұп үйленген күні, неке қию орнында, ресми түрде мемлекеттік ортақ тізімге тіркелінеді және үйлену куәлігі мен бірге пәтер тізіміне тіркелгені туралы құжат беріледі. Пәтердің кілті жас жұбайларға, олар алғашқы сәбиін перзентханадан алып шыққан күні беріледі. Жас жұбайлар болашақта жаңа үй ала алмаса, мемлекет меншігі болып табылатын бір бөлмелі пәтерде өмір бойы тұруға құқылы. Болашақта жас жанұя жаңа үй алған жағдайда, пәтер мемлекет қарамағына қайтарылады. Босаған пәтерлер, басқа жас жұбайларға алғашқы сәбиін перзентханадан алып шыққан күні беріледі. Егер жас жұбайлар ажырасқан жағдайда, пәтерде тұру құқы баласымен қалған анасында немесе әкесінде болады. Сәбилі болмаған жас жұбайларға пәтер берілмейді. Егер жас жұбайлардың пәтер алғаннын кейін сәбиі шетінесе, немесе балалары басқа да жағдайда қаза болып, басқа балалары болмаған жағдайда, олар сол пәтерде ары қарай тұра береді",- дейді Бердалы Оспан. 

Жоба халықтың қадағалауымен іске асуы шарт.

"Бұлай болуы үшін Қазақстанның әр азаматы ғаламтор жүйесі арқылы, пәтер алу тізіміне кімнің тіркелгенін, пәтердің кімге берілгенін, қай пәтердің мемлекет қарамағына қайтарылғанын, қарап біліп отыра алатындай ашық түрде жүргізіледі. Осылай еткен күнде қазақтың саны көбейеді. Жас жұбайлардың ажырасуы азаяды. Ал қазақтың санының көбеюі - еліміздің көркеюі деген менің ойыма бәріңіз қосыласыздар деген сенімдемін. Ендігі жерде елге қайтарылған қаражат, бұл жобаны ары қарай жалғастыруға жете ме дейтін сұрақ туындайтынын біліп отырмын. Бұл игі іс мемлекет тарапынан жалғастырылуы қажет. Жастар еліміздің болашағы. Ал елдің болашағына ақшаны аяуға бола ма? Бұл сұрақтың жауабын өздеріңіз айтыңыздар",- деп түйіндеді сөзін Бердалы Оспан.