Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қалалық мәслихатта қаралды деп хабарлайды Paryz.kz.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Бұл мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.
Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңа ауданның аумағы 36 мың гектар болса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.
Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында осы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Сөйтіп, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға тиісті ұсыныс жолдау туралы қала әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданды.
Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Ғ.Мәуленқұлов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады.
Сессияда маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтқан қала әкімі бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.
– Сессияда депутаттық корпус аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Жаңадан құрылған ауданға Тұран деген атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады. Жалпы, бесінші аудан құру – уақыттың талабынан туындаған шешім. Шымкенттегі 81 шағын аудан мен тұрғын алапқа инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіп, ондағы халыққа қолайлы жағдай жасауымыз керек. Жаңа ауданның құрылуы осы мәселені оңтайлы шешуге ықпал етеді. Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған қала бюджеті нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды, - деп сөзін қорытындылады М.Әйтенов.
Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.
Айта кетейік, сессияда депутаттар Шымкент қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы да шешім қабылдады. Нақтылау барысында қала бюджетінің шығыс бөлігі 5.6 миллиард теңгеге ұлғайды.
Мөлдір Кенжебай