Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Ұялы операторлар қанайды, билік бей-жай "футбол" ойнайды

Ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларды өз бетінше өзгертіп, қымбаттатуы халықтың ашуын туғызып жатыр. БАҚ берген пиар-сұхбатында еліміздегі цифрландыруға қатыстының бәріне жауапты бас шенеунік тосын мәлімдеме жасады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзінен сөз естіген соң, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин секторды былық жайлағанын мойындап, саланы шіріткен іріңді "жараларын" ашып көрсетіп, оларды жоюдың жолын көрсету орнына, ескі әнге басты деп жазады  Рaryz.kz  inbusiness.kz сілтеме жасап.

Ұялы операторлар қанайды, билік бей-жай "футбол" ойнайды
https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/musin-predlojil-vyivesti-na-ryinok-konkurenta-kazahtelekomu-465757/

"Интернеттің сапасы – оны қалай арттыру жоспарланып отыр" деп нақты сұрады журналист. Министр халықтың өзін "айыптай" жөнелді. Біріншіден, бұған қазақстандықтардың интернет игіліктерін пайдалануы кінәлі көрінеді. Трафикті тұтыну көлемі еселеп артқан: "адамдар YouTube, TikTok, Instagram-ға күн сайын кіреді". "Масқарасы" сол, видеостриминг пайда болғалы, азаматтарымыз оны да қолдануға әуес болды. Салдарынан, қазақстандық операторлардың базалық станцияларына ғаламат жүктеме түсуде екен.

Шенеунік осы тұста сантехниктің тіліне көшті: оның айтуынша, егер белгілі бір көлемде ғана өткізу қабілеттілігі бар құбырды орнатса, ал су тұтыну көлемі үнемі артса, онда ертелі-кеш әлдебір жағымсыз нәрсе болады, себебі құбырдың шегі бар екенін айтты. Тиісінше, телекоммуникациялық жабдықтардың шегі барын түсіндірді. Әділін айту керек, IT мамандары Бағдаттан бұрынғы министр ұялы байланыс пен интернетті жолға қоюда қате жолмен жүргенін, өткізу қабілеті төмен жабдыққа таңдау жасағанын айтып жүр.

Екіншіден, Қазақстанда интернеттің нашар болуына, Б.Мусиннің байламынша, радиофобия кедергі: "адамдар денсаулыққа зияны бар деп, базалық станцияларды алып тастауды өздері талап етеді". Жалпы, сарапшылар мұның Ресейдегідей жаппай сипаттағы емес, бірен-саран кездесетін құбылыс екеніне, керісінше, пандемия кезінен бері базалық станцияларды көбейтуді сұраған қазақстандықтар санының өте көптігіне назар аудартады. Министр заңнамаға өзгеріс ұсынатынын, оған сәйкес, тұрғындарды базалық станцияны алғызып тастатқызу мүмкіндігінен айырып, операторлардың құқығын қорғайтынын жеткізді.

Б.Мусин тағы бір жаңалықты жария етті: операторлар тарифтерді көтеруді немесе салықтық жеңілдіктер беруді сұрапты. "Біз оларға салықтық жеңілдіктер бердік". Сондай-ақ оларға жеке мұнара салмай, сымын электр бағаналары арқылы тартуға заң жүзінде рұқсат еткен. Бұған қоса, "Қазақтелекомға" тиесілі жерасты канализацияларын да сым-кабель тартуға пайдалануына мүмкіндік берген.

Ал ұялы операторлардан қайтарым қайда? Мемлекеттен қуатты қолдау, жеңілдіктер алған олар қарапайым халыққа – абоненттеріне мейірімді, қайырымды бола түскен шығар?

Жоқ, қайта шілдеден бастап, барлық ұялы операторлар тарифтерін  көтеріп, халықты қан қақсатуда. Жұрт жанайқайын айтып, Үкіметке жүгініп жатыр. Жамбыл облысының тұрғыны Мәди Бердібек өз хатында көптің көңілінде жүрген мәселені көтерді.

Ол өзге де миллиондаған абоненттер қатарлы ("Кселл" абоненттерінің саны 7,9 млн) ұялы оператордан жағымсыз SMS- хабарлама алыпты. Аctiv-тен Мәдиге де 7 шілдеден бастап өзі қолданып келген "Алло Қазақстан-2" тарифтік жоспары өзгеретіні жайында хабарлама түседі. Бұл ол үшін ыңғайлы тариф болатын: құны 2390 теңге. Желі ішінде 1570 минут, басқа барлық операторларға 300 минут тегін тілдесу, ай сайын 700 SMS, 20 GB интернет трафигі, оның ішінде 10 GB-ы – күндізді, қалған 10 GB-ы – түнгі.

"Жаңа тариф қымбаттау: 2 990 теңге. Шарттары жақсы емес, қайта қатты нашарлаған. Мысалы, 16 GB интернет трафигін ғана ұсынады. 100 SMS-і ғана бар. Тарифтік жоспарымды менің келісімімді алмай, өзгерте салғанын заңсыз әрі негізсіз деп есептеймін. "Алло Қазақстан-2" тарифін 7 жылдан бері қолданып келемін. Осы уақытта тарифті ағытқан да, өзгерткен де жоқпын. Яғни, қызмет көрсету туралы келісімімді бұзған, не доғарған жоқпын. Себебі, бұл тариф бағасы бойынша да, шарттары бойынша да көңілімнен шығады. Ендеше неге келісімді біржақты бұзады? Оның үстіне Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №171 бұйрығымен бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының  2-параграфының 22-бөлімінің 11-тармағына сәйкес, оператор тарифтік жоспарлардың талаптарын абоненттің келісімімен ғана өзгертеді. Яғни, келісімсіз өзгертуге рұқсат етілмейді", – деді шағым иесі. 

Сондықтан ол жауапты органдарға бұрынғы тарифтік жоспарын қайтаруды сұрап, өтініш жолдады. Ол сондай-ақ құзырлы органнан "Кселл" қызметіне тексеріс жүргізуді талап етті. Айта кету керек, Б.Мусин ресми блогына түскен шағымға әлі күнге жауап бермеген.

Ольга Т. да тікелей Бағдат Мусинге шағымданыпты.

"Ұялы телефоныма Тele2-ден смс-хабарлама келді, онда "Меняй всё" тарифі өзгеретіні, оған Youtube, Instagram, TikTok және WhatsApp-қа лимитсіз қолжетімділік қызметі қосылатыны, ал интернет 2 гигабайтқа көбейетіні жазылған. Сонымен бірге жаңа абоненттік ақы 2590 теңгеге дейін көтерілді. Мен ешқандай қосымша қызметтерді және интернет трафигін арттыруды сұраған емеспін, оны қажетсінбеймін. Бұрынғы тарифтік жоспар қанағаттандырады. Ал ұялы байланыс операторы маған қажетсіз қызметтерін мәжбүрлі түрде таңуда. Бұл заңға, Кәсіпкерлік кодексіне, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңына қайшы. Жаңа Қазақстан осылай басталып отыр. Сонда енді бұлар заңды сақтамауға рұқсат алған ба?" деп ренжиді Ольга.

Ол да смс-те айтылған ұсынысқа еш келісім бермеген.

"Бұларың не масқара деп қоңырау шалсам, менеджер бұған мәжбүрліктен барып отырғандарын, Қазақстанда барлығы қымбаттап жатқанын, бар түсімді инфляция жеп қоятынын және басқасын алға тартып, ақталды. Бұлар онсыз да бай. Қарапайым халық қымбатшылық пен инфляция зардабын тартуды, билік оны ойлап отыр ма? Операторлардың мына бассыздығына билік неге ашықтан ашық жол беруде?", – деп ашынады Ольга.

Мусиннен жауап болмаған соң ол алпауыттардың қиянатына тосқауыл қоюды сұрап, ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа жүгініпті. Ол мұндай мәселе өз құзырына жатпайтынын мәлімдеп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шағымдануға кеңес берген.

Анвар Рифкатович Beeline Kazakhstan провайдеріне қатысты арызданып жүр. Ол қазір барлығы – ұялы байланыс та, қарапайым телефон да, Smart TV телевизия да интернетке тәуелді екеніне назар аудартты, тиісінше интернет жойылса, азаматтар өркениеттен қол үзіп қалғандай болады. Анвар бірінші топ мүгедегі, сондықтан ол үшін интернет – әлемге ашылған терезе: сол арқылы өзге адамдармен араласады, қызықтар, көңілін аулайды, оқиды, білімін жетілдіреді, кемтар адамдарға арналған мемлекеттік қызметтерді тұтынады.  

"Үш жылдан бері провайдердерге әлденеше рет жүгіндім. Қолдау қызметіне де талай телефон шалдым. Сөз өтетін емес. Интернет үнемі жоғалып кетеді. Кейде аптасына үш рет интернет ағытылып қалады, кейде бірнеше күн бойы болмайды. Сондай-ақ қатты жел тұрса, боран болса, тіпті жаңбыр жауса, интернет жойылады. Қолдау қызметі бұл ақау тұрғын үй шатырындағы жабдықтан болғанын мойындап, шеберді жіберетінін, жөндейтіндерін хабарлайды. Шебері келеді, жөндеген болады, енді бәрі дұрыс деп тайып тұрады. Артынша интернет қайтадан жоғалады. Мен тағы да қолдау қызметіна қоңыраулатамын, ондағыдар шатырдағы жабдықта ақау болғанын айтады. Үш жылға созылған бұл кесірлі айналым қашанғы жалғасады? Мусиннің заң қабылданды, сапасыз қызмет көрсеткен операторлар жазаланады дегені қайда? Жоғарыдан сұрау, талап болмаған соң провайдерлер халыққа сапалы қызмет көрсетуге талпынбайды ғой. Жүйкем жұқарды", – деп қапаланады абонент.

Қазақстандықтар салада халықты алдау, тұтынушының құқығын аяққа таптау ашықтан ашық жүріп жатқанына қынжылады. Бұл мәселені келесі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қарамаса, іс ілгерілемей, баяғы жартас сол жартас күйінде қалуы ғажап емес.