Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Жаңа бас жоспар – мегаполистің даму құжаты

Шымкенттің 2025-2035 жылдарды қамтитын жаңа бас жоспары жыл соңына дейін бекітілмек. Шаһардың бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Бас жоспар 21 маусымнан бастап бір ай көпшілік талқылауына ұсынылды. Кез келген шымкенттік тұрғын құжатпен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл – бас жоспарды бекіту жұмысының бірінші кезеңі деп хабарлайды Paryz.kz.

Жаңа бас жоспар – мегаполистің даму құжаты
Фотолар: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған жұмыс тобы мегаполистің бас құжатын қала әкімі Мұрат Әйтеновке және мәслихат депутаттарына таныстырды.

– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді. Алғаш рет Шымкенттің 117 мың гектар аумағының барлығына 1:10 000 масштабда векторлық топотүсірілім жасалды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы полиорталық принципімен жүреді. Яғни, қаланың бір ғана орталығы мен басқа шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орталықтары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. Шымкенттің солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде, – деді Мақсұт Исахов.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов және мәслихат депуттаттары жаңа бас жоспардың сызбасымен танысты.

– Бас құжаттағы маңызды тұстың бірі – инженерлік инфрақұрылымды, жол салуды дұрыс жоспарлау. Соңғы бас жоспар жасалған кезде қала тұрғындарының саны басқаша еді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келеді. Бұған қоса көлік кептелісін азайтып, жолдарды дамыту маңызды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, барлық жұмыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң, күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылады. Ал әзірге мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов өз пікірімен бөлісті.

– Бас жоспардың жобасы көпшілік талқылауына ұсынылып отыр, жауапты мамандар түсіндіруде. Сондықтан, осындай көпшілік назарына ұсынылған кезде туған қаласына жаны ашитын әр азамат жобамен танысып, өз пікірін айтуы керек деп есептейміз. Депутаттар, біз де танысып отырмыз. Менің пікірімше, бас құжаттың көлік-логистика жүйесін әлі де талқылап, жетілдіру керек сияқты. Мамандар айтқандай, қалада көлікке арналған үш айналма жол болғаны жақсы, дегенмен, енді сол жолға қаладан қосылатын немесе ол жолдан қалаға кіретін қосымша жолдар болуы тиіс. Яғни, үлкен жолмен жүремін деген көлік жүргізушісіне қолайлы жағдай жасалса. Содан кейін қаладағы қоғамдық көліктер желісін де талқылау қажет.

Айта кетейік, Шымкеттің бас жоспарын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.

 

Мөлдір Кенжебай