Қазақстанда коронавирус инфекциясына шалдығу жағдайы артқан кезде енгізілуі мүмкін шектеу нұсқалары қарастырылып жатыр. Бұл туралы ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемологиялық бақылау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты, деп жазады ulysmedia.kz/news/- агенттігіне сілтеме жасаған Рaryz.kz.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ол той және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берді.
«Бүгінде «сары» аймаққа мұндай шектеулер енгізу қарастырылмаған. Дегенмен, «қызыл» аймаққа өткен жағдайда шектеуді екі кезеңмен енгізу көзделеді. Бірақ, бұл іс-шараны қазіргі уақытта «Атамекен» палатасымен талқылап жатырмыз», - деді басқарма басшысы.
Оның атап өтуінше, барлық шешім ведомствоаралық комиссияда келісілгеннен кейін ғана қабылданатын болады.
«Бүгінде «сары» аймақта той және басқа да іс-шараларды өткізуге шектеу енгізу қарастырылып отырған жоқ», - деді Роза Қожапова.