Қазір жеміс-жидектің піскен кезі. Кез келген жерде сатылып жатыр. Әсіресе қауын-қарбыз дастарқан мәзірінен түспейді. Алайда қарбызды кейбір адамдарға жеуге болмайды екен. Бұл туралы невролог, нутрициолог Ұлжалғас Сманова баяндап берді деп жазады Рaryz.kz exk.kz сілтеме жасап.
Дәрігер Ұлжалғас Сманова пайдалы деген өнімнің кейбір кезде зиянын тигізетінін айтады. Мәселен, қарбыздың адам денсаулығы үшін пайдасы зор. Ағзадан шлак, токсин және басқа да зиянды заттарды шығарады. Шөл басады, ағзадағы тұз бен судың қалыптылығын сақтайды.
Құрамындағы магний, калий, В тобындағы дәрумендер мен аскорбин қышқылы жүрек-қантамыр, жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Фолий қышқылы есте сақтау қабілетін жақсартады. Ангина кезінде қарбыз суымен тамақ шайса қабыну басылады. Антиоксиданттарға бай. Соның ішінде ликопин онкологиялық аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Салмақ тастауға көмектеседі.
Ал қарбыз қай кезде зиян?
Тәтті қарбыздың глекемиялық индексі — 65-70 пайыз. Ал ең тәтті қарбызда бұл көрсеткіш жоғары болады. Яғни қант мөлшері көп. Қарбыз ағзаға түскен кезде ұйқы безі белсенді түрде инсулин бөледі. Ол қан құрамына өтеді, оны бауыр майға айналдырады. Қант диабеті, панкреатит, жүрек-қантамыр аурулары бар адамдарға қауіп тудырады.
Қарбыз өті қабынған, өтте тасы бар науқастар үшін де қауіпті. Себебі қарбыздың өт айдайтын қасиеті бар. Бұл тастың орнынан қозғалып кетуіне ықпал етеді. Өттің қабынуы асқынады. Тастар өт арналарын бітеп қалса, өте қауіпті,
— дейді дәрігер.
Қарбызды өте салқын күйде жеуге болмайды. Бұндай кезде өт қалташасы жиырылып қалады. Сондай-ақ бүйрегінде тасы, құмы бар адамдар да қарбызды абайлап тұтынғаны жөн. Асқазан, ішек жолдары қабынып ауырып жүрген науқастар бұл өнімді жемегені жөн. Ерте піскен қарбызда нитрат мөлшері жоғары болады. Бұл ағзаның улануына әкеледі. Сондай-ақ екі жасқа дейінгі сәбилер мен бала емізуші аналар қарбызды мөлшермен жегені жөн. Простат аденомасы бар пациенттерге қарбызды мүлде жеуге болмайды,
— дейді Ұлжалғас Сманова.
Қарбызды тек өзін жеу керек. Оның өзге тағаммен араластырып жеуге болмайды. Асқазанда ашу процесі пайда болады, Нәтижесінде асқазан-ішек аурулары қозады, — дейді Ұлжалғас Сманова.