Интернет арқылы онлайн сауда жасау, болмаса банкоматтан ақша алған кезде де алаяқтардың құрбаны болып кетуіңіз әбден мүмкін. Банк қызметкері алаяқтардан қорғанудың құпияларын айтып берді, деп жазады Рaryz.kz Экспресс К сілтеме жасап.
Newscorr-ға бейнежазба жолдаған автор, банктің бұрынғы қауіпсіздік қызметкері терминалдардан ақша алған кезде, қандай сақтық шараларын жасау қажеттігін көрсетіп берді.
Бейнежазбада банкоматтың карта салатын ойығы мен клавиатурасына баса назар аударуды сұрайды. Өйткені алаяқтар осы екі жерге көзге көріне, қолға ұстала бермейтін қаптама жапсырып қояды екен. Бұл қондырғы банк картасының пин-кодымен қосып бүкіл деректерін көшіріп алады. Осы арқылы алаяқтар кейін сіздің картаңыздың басқа баламасын (дубликат) жасап, бүкіл ақшаңызды сыпырып алады.
Банк қызметкерінің айтуынша алаяқтар бір кезеңде ғана, яғни айдың аяғы немесе басы, яғни жұрт жаппай жалақы алып жатқан мезгілде жымысқы әрекеттерін іске асырады. Алаяқтар дәл осы тұста банкоматтарға алдын-ала келіп карта салатын ойық пен клавиатураға скиммингті қондырғыларын орнатып кетеді. Ал ақшаны шетелдерге арнайы барып, сол жақтағы банктерден шығарып алады.
Newscorr-ға бейнежазба жолдаған автор осындай алаяқтықтан сақтанудың жолдарын видео ролик арқылы көрсетіп берді. Онда алдымен банкоматтың сыртқы түріне жақсылап қарап алу қажеттігі айтылған. Өйткені алаяқтар асығыста қондырғыларын қисық немесе көрінетіндей қылып орнатып қоюы мүмкін. Сондықтан карта салатын қуыс пен клавиатурада артық нәрсенің болмағанына баса мән беру керек. Егер артық дүние болса клавиатурадағы сандар тез басылмай, қиындық тудырады екен. Ондай кезде банкоматты дереу тексеру қажеттігін ескертеді.