Баянауылда 4 айдан бері жалақысыз жүрген жұмысшылар аштық жариялады

Мердігер мен әкімдік жауапкершілікті мойындарына алмады. Соған қарағанда, жалақы дауы жақын арада шешіле қоймайтынға ұқсайды.

Баянауылда 4 айдан бері жалақысыз жүрген жұмысшылар аштық жариялады
фото: youtube.com

Павлодар облысында төрт айлық жалақыларын даулап жүрген жұмысшылар бүгін аштық жариялауды бастады. Шамамен 40-тан астам жұмысшы Майқайың кентінің әкімдігі алдына келіп жайғасты. Олар мердігерден жергілікті атқамінерлер маңдай терімізді алып берсін деп талап қойды. Өйткені үйде ішерге ас, киерге киім қалмады деп отыр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Бұл жұмысшылар жаз бойы Майқайың кентіне жылу құбырын тартқан. Жұмыс беруші қарағандылық компания алғашқы айда аванс беріп, артынша бір тиын да төлемепті. Ал жалақыны алып беруге аудан әкімі уәде беріпті. Еңбекақысын даулағандардың ішінде кәмелет жасына толмағандар да бар.

"Жұмысқа шығыңдар, сендерге уақытында төлейміз, күнде ертең, ертең деп жүрді. Соларға сеніп, жұмыс істедік. Студенттерден 30 шақты бала шығады бізден. Көбісі 18 жасқа толмаған, 16-17-де", - дейді жұмысшы Бауыржан Қабдолов.

Ал Ерсін Шабалов атты жұмысшы үйде аш отырғанша, әкімдіктің алдында аштан қатайық деген ұстанымда. "Ішетін тамағымыз, жылынатын төсек-орнымыз да жылы емес. Көміріміз жоқ. Үй азынап тұр", - дейді ашынған азамат.

Кентте жылу құбырын ауыстыру жұмыстары кеш басталған. Соған қарамастан, жылуды уақытылы беру үшін еңбек еттік деседі айлықсыз қалғандар. Бұны ауыл тұрғындары да растап отыр.

"Олар күні-түні жұмыс істеді. Соның арқасында жылу уақытылы берілді. Қазір үйіміз жылы. Егер осы жігіттер жұмысты жарты жолдан тастап кеткенде, қазір жылусыз отырар едік. Сондықтан жігіттердің еңбекақысын беруді талап етемін", - деді кент тұрғыны Любовь Воеводина.

Ал жұмысшыларға уәде берген аудан әкімі мердігерді таба алмай жатқанын айтып ақталды.

"Мердігер келмей тұр ғой. Келіңіздер, істеген жұмыстарыңызды көрсетіңіздер. Содан кейін қаражатын төлеп берейік. Заңды түрде бәрін есептейік. Міне, 1 ай болды. Күнде-күнде телефонмен сөйлесемін. Әне келем, міне келем деп жүр", - дейді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов.

Мердігер компания өкілімен тілшілердің сөйлесуінің сәті түсті. Ол жұмысшыларға төленетін қаражатты учаске бастығының алғанын, бірақ, қашып жүргенін айтқан.

"Қазір учаске бастығына іздеу жариялап жатырмыз. Әзірге таппадық. Ол Майқайыңдағы жұмысшылармен келіскен. Бірақ, ешқайсысымен келісім-шарт жасаспаған. Сол себепті, өзіміз де қазір қарызға батып отырмыз. Сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын. Учаске бастығын сотқа бердім. Сот алдымен оны тауып алсын, сосын көреміз", - дейді мердігер Хасан Арсельгов.

Осылай деген мердігер мен әкімдік жауапкершілікті мойындарына алмады. Соған қарағанда, жалақы дауы жақын арада шешіле қоймайтынға ұқсайды. Ал жұмысшылар айлықтарын әкімдікте жата-жастанып күтуге бел буған.